Астанада ақылы автотұрақ көбейді
Астанада ақылы автотұрақ көбейді. Биыл олардың саны 10 мыңға жетті. Осылайша «жоспар орындалды» деп саналады. Бірақ көлік тізгіндегендер үшін бұл қиынға соғып тұр. Тіпті қоғамдық орындардың маңайы да ақылы тұраққа айналған. Жергілікті билік мұндай қадамға не үшін барды? Ол орындардың ақшасы кімге түсіп жатыр?
Астанада көлікті тегін қоятын жер саусақпен санарлық. Есесіне ақылы автотұрақ көп. Әкімдіктің жоспарды орындауға асыққаны соншалық, бір жылда 3 мыңға жуық тұрақты ақылы қылды.
Елордалық Ермұхамет Мұхаметжанов күндіз-түні көлік тізгінінде. Қалада такси қызметін атқарады. Ақылы автотұрақтан айыппұл да арқалапты. «Әбден ашынған жүргізуші, тым болмағанда көпшілік орындардағы көлік қоятын жер тегін болса»,– дейді.
Ермұхамет Мұхаметжанов, қала тұрғыны:
-Өте қиындап барады. Бүкіл жерде ақылы автотұрақ, әсіресе керекті жерлерде. ЦОН, министірліктер үйіне барған кезде көлікті қоятын орын мүлдем болмайды. 100 теңге төлемесең, 5000 теңге штраф салады. Өз басыма тиген ондай.
Ақылы болғанымен қыстыгүні көбіне қары тазаланбайды. Одан қалды тақтайшасы да дұрыс көрінбейді. «Тұрақтың ақысын төлемейтіндердің де басым бөлігі сол жердің ақылы екенін білмей қалғандар»,– дейді жүргізушілер.
Ілияс Төленбеков, қала тұрғыны:
-Бұрын демалыс күндері және кешкі уақытта тегін болушы еді. Қазір олай емес. 10 минут немесе жарты сағатқа деген жоқ, бірден 1 сағатқа төлеу керек.
Бұл мәселені Мәжіліс қабырғасында Нартай Сәрсенғалиев те көтерген болатын. Депутат «Бұл іспен неге мемлекеттік мекеме айналыспайды?» деп Үкімет басшысының бірінші орынбасарына сауал жолдады. Оның сөзінше, жеке компания тақыр жерден толайым табыс тауып отыр. Алайда тұрақтардың тазалығы мен сапасына әкімдік жауапты. Яғни оған компания бір тиын шығын шығарып отырған жоқ.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Ең сорақысы, 2018 жылдан 2022 жылға дейін ақылы автотұраққа төленген ақшаның 95% жеке серіктестікке, тек 5% мемлекетке түсіп келген. Ресми сандарға назар салсақ, 2021 жылы Астанадағы ақылы автотұрақтарға азаматтарымыз 90 млн 994 мың 105 теңге төлеген, 2022 жылы 152 млн 466 мың 542 теңге төлеген. Мұның қаншасы мемлекетке түскенін есептеу қиынға соқпайды.
Тек 2022 жылдың желтоқсанында ғана бұл бөліске аздаған өзгеріс енгізілді. Бір жылдан бері ақылы тұрақтардан түскен табыстың 25% қала бюджетіне құйылып отыр. Қалғаны жеке компанияның қалтасына түседі. Дегенмен жағымды жаңалық та жоқ емес. Мәселен, енді автотұрақтың ақысын бірінші рет төлемей кеткен адамға салынатын айыппұл көлемі 3-тен 1 айлық есептік көрсеткішке төмендейді. Яғни, 3932 теңге төлейді. Ал одан бір аптаның ішінде құтылуға асықса, 50% жеңілдік жасалады. Заңға енгізілген өзгерістер 2025 жылдың 13 наурызында күшіне енеді. Бірақ ақылы тұрақты көбейтудегі мақсат қандай?
Бауыржан Күмісбеков, қалалық көлік және көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:
-Жалпы ақылы автотұрақтың мақсаты – бұл қала көліктерінің трафигін реттеу. 2016 жылы Нұрлы жол бульвар аумағында бірінші тестілеу режимінде болды. Сонда 1 тұрақ орнына таңнан кешке дейін 1 немесе 2 автокөлік тұратын болса, ақылы автотұрақ енгізілгеннен кейін айналмалы түрде 8 не 10 автомобиль тұратындай болды.
Депутат Нартай Сәрсенғалиев әкімдіктен тағы бір жеңілдікті талап етіп отыр. «Азамат ақылы автотұрақтың ақшасын төлеуді ұмытып, автотұрақтан шығып кетсе, оған дереу СМС хабарлама келуі тиіс»,– дейді ол. Сол кезде айыппұлдың алдын алуға болады. Айта кетейін, тұрақтың ақысын төлемегендерге салынған айыппұл көлемі соңғы 4 жылда 6 млрд теңгеге жуықтаған.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов