Көгілдір экранның артында қыруар еңбек жатқанын көпшілік көрермен біле бермейді. Кадр сыртындағы әр маманның орны бөлек.
Олардың қатарында алғашқы жылдары арнамыздың дамуына үлес қосқан әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова мен жазушы, драматург Мадина Омарова да бар.
Әдебиет сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова «Хабар» телеарнасына 2000-шы жылы келіп, он жылға жуық жаңалықтар қызметінде сарапшы-стилист болып қызмет етті. Тілшілер дайындаған мәтіндерді мән бере тексеріп, стилистикасы мінсіз, жұп-жұмыр сюжеттерді ресми арнаның эфиріне дайындады.
Әлия Бөпежанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр сыншысы:
- «Хабардың» жеке өзіме бергені көп деп айтамын. «Хабар» адамды мейілінше мобильділікке тәрбиеледі. Елімізде болып жатқан жаңалықтарға өте сергек қарауға, өте жылдам шешім қабылдауға, содан кейін адамды төзімділікке тәрбиелейді. Өйткені қалай айтсам екен, кейде форс-мажорлар болады, аяқастынан ақпараттар шығады, соған бәрі дайын болу керек.
Жаңалықтардан бөлек, Әлия апай «Хабар – 2» арнасында көп көрерменнің көзайымына айналған «Ошақтың отын өшірмей» бағдарламасын тікелей эфирде жүргізді. Белгілі тұлғалардың шаңырағының ұйытқысы болған жарларымен тағылымды сұхбат жасады.
- «Хабар» үлкен мектеп болды ғой деп ойлаймын. Қазақ телевизиясындағы үлкен мектеп. Ол жерден қаншама мықты-мықты мамандар шықты. Олардың қазір көбі мемлекеттік қызметтерде жүр, қоғамдық қызметтерде жүр. Сондықтан «Хабардың» Қазақстанның телекеңістігінде алатын орны үлкен деп есептеймін.
Кадр сыртында тынымсыз еңбек еткен тағы бір үлкен қаламгер - Мадина Омарова. Ол жаңалықтарда редактор болып 10 жылға жуық қызмет етті. Телевизияда шыңдалған маман, кейін келе театр көрерменіне Қарлагқа түскен жапон бозбаласының тағдыры туралы «Ақтастағы Ахико» драмасын ұсынды. Спектакль үлкен резонансқа ие болып, Жапонияда да үлкен табысқа жетті. «Саяси тақырыптарға бойлау, ақпаратты сүзгіден өткізу «Хабардағы» жылдарымның жемісі», - дейді белгілі драматург.
Мәдина Омарова, жазушы, драматург:
- Қазір Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық театрында әдеби драма бөлімінде істеймін. Бізге көп материалдар, пьесалар түседі, авторлармен жұмыс істейміз. Сол кезде шын мәнінде, бір саяси қателік жібермеу, әлде бір қажет емес, біздің мемлекеттің ұстанымына қайшы келетін материалдарды тану жағынан мен мысалы, алдыма жан салдырмаймын. Себебі ол жерде «Хабарда» он жыл істеген үлкен мектебі жатыр.
«Хабардың» мектебінен өткен мамандар қазір әр салада еңбек етуде. Медиаиндустрияның дамуына үлес қосып жүр. 30 жылдық тарихы бар арна олардың кәсіби өсуіне, рухани дамуына ықпал еткені сөзсіз.
Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов, Мұхит Құдықбаев