Атырауда ескі қоқыс полигонына 3 млн тонна қалдық жиналды

  • 18
  • 16.10.2025, 19:54

Алайда нысан құрылысы әлі басталған жоқ. 50 жыл бұрын ашылған ескі полигон экологиялық талаптарға сай емес. Онда қазір 3 млн тоннаға жуық қоқыс жиналып қалған. Қолданыстағы қоқыс сұрыптау кешені жылына 150 мың тонна ғана қалдық өңдеуге қауқарлы. Қала тазалығына жауапты коммуналдық мекеме мамандары жаңа полигон құрылысы созылып кетпесе деп алаңдайды.  

Тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптайтын мына кешен жыл басында іске қосылды. Бұл жерде қаладан шығарылған қоқыстың 70 пайызы сұрапталады. Тазалыққа жауапты мекеме шығарылған қоқысты толық қабылдай алмайды. «Себебі кешеннің қуаты жетпейді», - дейді мамандар.

Есенжан Шауданов, «Арнаулы автобаза» мекемесі басшысының орынбасары:

- Кешен 150 мың тонна қоқыс қабылдап, сұрыптай алады. Күнделікті әкелінген қоқыстың басым бөлігін тамақ қалдықтары құрайды. 4-6 пайызы пластик, қаңылтыр банкалар және картон секілді қайта өңделетін шикізаттар. Оларды сұрыптап, өңдейтін мекемеге жібереміз

Арыстанбек Кенже, тілші: 

- Әзірге жаңа кешен тәулігіне 24 сағат бойы 2 ауысымда жұмыс істеп жатыр. Егер қаладан шығатын қоқыс көлемі күніне 300 тонна екенін ескерсек, оның аздық ететіні  көрініп тұр. Сондықтан жергілікті билік болашақта осындай тағы бір кешен салуды жоспарлауда.

Қала шетіндегі мына қоқыс полигоны 1970 жылдардың басында ашылған. Бүгінде 35 гектар аумаққа 3,5 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналған. Былтыр қала биілігі ескі полигонды жауып, орнын рекультивациялауға жоба жасады. Жоспар бойынша аумағы 50 гектарлық жаңа полигон салынуы тиіс. Бірақ жұмыс әлі басталмады. Жауаптылардың айтуынша, қазір жобаның өзі де құны да өзгергертіліп жатыр. 

Ғасырбек Төлеген, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қазіргі таңда өздеріңізге белгілі оның тағы да қуаттылығын арттыру бойынша және бағаның тұрақсыздығына байланысты қайта түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түзету жұмыстары аяқталғаннан кейін мемлекеттік сараптамаға енгізіліп, кейіннен құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланған .

Қаладан шығатын қоқыс мәселесін шешетін жоба алдағы 7 жылда іске асырылуға тиіс. Соның аясында жылдық қуаты 200 мың тонналық тағы бір сұрыптау кешені салынады. Сол кезде облыс аудандарындағы қайта өңдеуге жататын қатты қалдықты бір жерге жинап, сұрыптап өңдеу орындарына жіберуге мүмкіндік туады.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов