Мақсат – экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатқа жанашыр жастарды тәрбиелеу. Биылғы жылдың 9 айында экологиялық тазалық шараларына 5,5 миллиондай адам атсалысқан. 966 мың гектар аумақтан 730 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 2,4 миллион түп ағаш егілді.
Шымкент жастары коммуналдық сала қызметкерлеріне қолғабыс етті. Олар саябақ аумағындағы ағаш бұталарының артық өскіндерін кесіп, қураған жапырақтарды жинады. Жаяу жүргіншілер жолы мен ирригациялық су жүйелерін қоқыстан тазартты.
Жансерік Жұман, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:
- Жапырақ жинау бір қарасақ абсурд болып көрінуі мүмкін. Дегенмен де оның астында қоқыстардың бар екенін көріп жатырмыз. Негізгі ойымыз –халық жүретін жердің әдемі көрініс тапқаны, оның қала әсемдігіне әсер етуі.
Өскеменде әр бейсенбіде саябақ пен аулаларды тазарту дәстүрге айналып келеді. Белсенді азаматтар күн суытпай тұрып қоршаған ортаны қоқыстан тазартуды жөн көрген. «AMANAT» партиясының мүшелерімен бірге жастар қауымы да акцияға атсалысты. Үлбі өзенінің бойындағы орман алқабы мен Ертіс жағасындағы аллея қоқыстан тазартылып, жүзден аса ағаш отырғызылды.
Александр Светаш, қалалық мәслихат төрағасы:
- Әр аптаның бейсенбі күндері «AMANAT» партиясының филиалы қызметкерлері қоғамдық орындарға шығып, қаламыздың көркін жақсартуға өз үлестерін қосады. Олар қала тұрғындары үшін өмір сүруге қолайлы, таза әрі жайлы етуге тырысады.
Сондай-ақ экологиялық кеңес мүшелері елордалық студенттерге экологиялық мәдениет тақыбырында лекция оқыды. «AMANAT» партиясының мүшелері қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау – әр азаматтың борышы екенін айтты.
Нұрайым Серік, 3-курс студенті:
- Біз тек үйде емес, жай сыртта жүргенде өзіміздің қоқысты сұрыптап тастау керекпіз. Одан бөлек, өзіміздің үйімізді, жүрген жерімізді, оқуымызды таза ұстауымыз керек. Ол біздің борышымыз деп айтуға болады.
Өткен аптада дүниежүзілік тазалық күніне орай ұйымдастырылған сенбілікке бір мезетте 400 мыңнан астам қазақстандық қатысып, КИНЭС рекордтар кітабына енді. Бұл табиғатты аялауға деген ортақ жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Диана Қадыр, Руслан Таурше