Хабар телеарнасы

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: қоржында 3 алтын мен 4 қола бар

Сүйінші қоржында үш алтын мен төрт қола бар. Бүкіл әлем көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының екінші күні де аяқталып қалды. Бүгін Алау кешенінде қазақтың ұлттық спорты асық атудан, өзбектің белдесуі кураштан бәсекеге толы жарыс болды. Одан бөлек, Саха-якутиялық спорт мас-рестлинг, яғни таяқ тартыстан сайыстар өтті. Мәселен, бір ғана курашқа 27 мемлекеттен 106 спортшы келген. Әрі қарай кімдер шаршы алаңға шыға алады? Қандай команда финалға жолдама алды?

Кураштан 4 қазақстандық спортшы жартылай финалға жолдама алды. Ерлер арасында Бекәділ Шәймерденов пен Марат Байқамыров қарсыластарынан басым түссе, әйелдер арасында Ажар Салықова мен Альбина Бахиева екі белдесу де жеңіске жетті.

Реза Нассири, халықаралық Кураш ассоциациясының бас хатшысы:
-Кураш бойынша ертең ерлер арасында 60 келі, 66 келі, 73 келі, әйелдер арасында 57 келі салмақ дәрежелерінің чемпиондары анықталады. Бұл ойын тек бүгін ғана емес, Үндістанда өтетін Азия ойындарында да болады. Кеше ашылу салтанаты маған ұнады. Қазақстанның спортшылары мен ұйымдастыру жағы мықты екеніне тағы көзім жетті.

Қазақстан ерлер ұлттық құрамасы асық атудан Моңғолия ұлттық құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Қазақстан ерлер құрамасы Өзбекстан, Испания, Грузия және Мажарстанға қарсы кездесу өткізеді. Әйелдер құрамасы да Мажарстаннан келген қарсыластарын жеңді. Алдағы уақытта олар Қырғызстан, Швеция және Румынияға қарсы ойнайды. Финалдық кездесулер 11 қыркүйекте.

Саха халқының ұлттық ойыны мас-рестлингке 31 елден 98 спортшы қатысып жатыр. Біздің ұлттық құраманың атынан 8 спортшы бақ сынайды. Төрешілердің айтуынша, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Иран және Үндістан командалары басым түсіп жатыр.

Мас-рестлингте аяқты тіреп, таяқ ұстап, тепе-теңдікті сақтай алғандар жеңіске жетеді. Мәселен, бүгін ерлер арасында 65 келі салмақ дәрежесінде Бірімжан Асылмұрат қола жүлде үшін таласта Моңғолия спортшысын жеңді. Әйелдер арасындағы 55 келі салмақ дәрежесінде спортшымыз Тахмина Қожамбердиева үшінші орын иеленді.

Эрлинг Одд, жарыстың бас төрешісі:
-Ең жас қатысушы 18-де. Ең үлкені-37 жаста. Мұнда бәсекелестік өте ауыр. Маған қатты ұнаған команда ретінде Ресей мен Қырғызстанды ерекше атап өтер едім. Мен өзім АҚШ-танмын. Елімізде мас-рестлинг енді ғана дамып келеді.

Бүгін таңғы сағат тоғыздан тоғызқұмалақ ойындары басталды. Ұлттық әрі зияткерлік ойынға әлемнің 40 елінен 130 қатысушы келген. Олардың арасында көрші елдермен қатар Колумбия, Ұлыбритания, Африка және Америка Құрама штаттарынан келген ойыншылар бар. Одан бөлек, тоғызқұмалақ ойынына онлайн-режимде 170 мыңнан астам қазақстандық қатысты.

Мұхаммед Әл Маму, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушысы:
-Қазақстанның ұлттық ойыны тоғызқұмалақты біздің елде де жақсы көреді. Шамамен 5-6 мың адам ойнайды. Мен тіпті тоғызқұмалақтан ұлттық чемпионатқа қатысқанмын. Сондықтан осы көшпенділер ойындарына қатысу - мен үшін мәртебе. Әсіресе кешегі ашылу рәсімінің керемет өткенін атап айтқым келеді.

Ертең жамбы ату, көкпар, дәстүрлі садақ, арқан тартыс, асық ату, тоғызқұмалақ бойынша жарыстар өтеді. Олимпиада секілді әлемнің спортшыларын жинаған бұл халықаралық додаларда да Қазақстанның туы жиі көтерілетініне сенеміз!

Авторлары: Диана Қадыр, Болотбек Табалдиев