Хабар телеарнасы

Қарақұдық ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді

Қарағанды облысының Қарақұдық ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Бұған дейін тұрғындарға ескі ғимаратта қызмет көрсетіліп келген. Өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл 14 ғимарат салынған. Жыл соңына дейін тағы 27 мекеменің құрылысы аяқталады. Жалпы облыс бойынша осындай 92 нысан салу жоспарланған.

Қарақұдық ауылында 600-ден астам халық тұрады. Бұрынғы ескі медициналық нысанда тек алғашқы жәрдем көрсетілетін. Ал жаңа фельдшерлік-акушерлік пункте қызмет түрлері көбейген. Мұнда жүкті әйелдер, сырқаттанған жандар қаралып, қажет болған жағдайда қаладағы ауруханаларға жолдама беріледі. «Ал қан талдауын жасату үшін бұрынғыдай 35 шақырым жердегі ауданға барудың қажеті жоқ»,– дейді ауыл тұрғыны Роза Қарашина.

Роза Қарашина, Қарақұдық ауылының тұрғыны:
-Бізге жақсы болды, қолайлы. Ішіндегі барлық медаспаптары жақсы. Анализді осы жерге тапсырамыз. Бүрынғыдай Бұқар жырауға шапқыламайтын болдық. Ішінде жұмыс істейтін медбикелер де өте жақсы. Адамға жақсы қарайды.

Жаңа ғимаратқа көшкелі дәргерлердің де жұмыс жағдайы жақсарған. Бұрын қажетті жабдықтың жоқтығынан олардың қолы қысқа еді. Оның үстіне ескі ғимаратта от жағылатындықтан жұмыс бөлмелерін ыс басып кететін.

Айсана Елубаева, акушер:

-ФАП ашылмай тұрып медпункт ескі ғимаратта болған. Сол жерде кісілерді қабылдадық. Ол жерде тозып біткен құралдар болды. Ол жерде от жағылды. Бөлмелері тар, кішкене кірлеу болды.

Ұлттық жоба аясында Бұқар жырау ауданында биыл үш ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Ал облыс бойынша 47 медициналық, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. «Олар заманауи үлгіде жабдықталып, қызмет көрсету сапасы жақсарады»,– дейді мамандар.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар