Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай патриоттық әндер байқауы жарияланды

  • 2
  • 13.11.2026, 18:30

Елге деген сүйіспеншілігін әнмен жеткізгісі келетін өнерпаздарға үлкен мүмкіндік! Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай республикалық патриоттық әндер байқауы жарияланды. Қазірден жобаға 700-ден астам өтінім түскен. Қабылдау әлі жалғасуда. Мақсат – елдің рухын көтеретін, халықтың жүрегінен орын алатын жаңа әндерді дүниеге әкелу. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 30 миллион теңге. Шығармашылық додаға кімдер қатыса алады?

Ән арқылы елді сүю, туған жерге құрметті жеткізу. Бұл – өнердің құдіреті. Бір ән халықтың рухын көтеріп, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қала алады. Мақсат – дәл осындай өміршең туындыларды анықтау. Республикалық патриоттық әндер байқауында кәсіби композитор, ақындармен қатар әуесқой жас авторлар да бақ сынай алады.

Талант Арғынғали, ақын, сарапшылар кеңесінің мүшесі:

– «А» деп басталған сәттен бастап шығармалар өте көп түсті. Бұл жерде бірінші талап – шығарма еш жерде жарияланбаған болуы керек. Ешқандай концертте айтылмаған ән болуы керек.

Байқау үш бағытта өтеді. Бірі – марш әндер. Екіншісі – лирикалық шығармалар. Үшіншісі – заманауи патриоттық туындылар. Авторлар бірнеше бағыттағы шығармалар ұсына алады. Әр әннің мазмұны, әуені мен көркемдік сапасы ескеріледі.

Қалқаман Сарин, ұйымдастыру тобының мүшесі:

– Сөзі мен сазы үйлескен, бүкіл халық қосылып шырқайтын ән болса екен деген – басты тілегіміз. Басқа да заманауи үрдістерді қосып, үйлестіруге ешкімге шектеу жоқ. Әуесқой, кәсіпқой деп бөліп жатқан жоқпыз.

Байқаудың жүлде қоры шығармашылық бәсекеге қатысуға қосымша жігер берері анық. Демеушілер есебінен жалпы 30 миллион теңге бөлінген. Бас жүлдегерге – 6 миллион теңге. Бірінші орын алған үш автордың әрқайсысына 4 миллионнан, екінші орын – 3, ал үшінші орынға 1 миллион теңгеден беріледі. Өтінімдер 5 желтоқсанға дейін khabar.kz/konkurs сайтына қабылданады. Жеңімпаздар 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланады.

Ердәулет Ыбырайұлы, Айбын Құсанбеков, Азамат Сәметов