«Семей орманындағы» өртке кінәлі лауазымды тұлғалар сотталды
Семей орманындағы өртке қатысты бүкіл қылмыстық істің нүктесі қойылды.
Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Абай облысындағы өрт 2023 жылдың 8 маусым күні түс уақытында басталған болатын. Басында оның аумағы шамамен 20 гектарды құраған, кейін жалын өрши түсті. Бірнеше күнде өрт 60 мың гектардан астам жасыл желекті шарпып үлгерді.
Соны сөндіруге атсалысу кезінде 15 адам көз жұмды. Кейін өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін Резерваттың бас директорының міндетін атқарушы мен Новошульбинск филиалының директорына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Абай облыстық апелляциялық соты осы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұған қоса міндетіне салғырт қарағаны үшін тағы екі лауазымды тұлғаға қатысты 2 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шықты. Одан бөлек, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің 10 қызметкері де түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.