Хабар

ОйнаIQ бағдарламасы эфирге қайта шығады

Бүгіннен бастап Хабар арнасында ОйнаIQ бағдарламасы эфирге қайта шығады. Сонымен қатар пікірсайысшылардың тартысты ойыны «Азамат» және танымал тұлғаларды жаңа қырынан танытатын «Алғашқының» 4 маусымы көрермендерге ұсынылады. Бұл маусымда бағдарламаларда қандай өзгерістер бар? 

Бүгін «Хабар» арнасында 22:00-де ОйнаIQ бағдарламасының кезекті маусымы көрерменге жол тартады. Бұл маусымда танымал тұлғалар мен олардың түрлі саладағы достары бір команда болып, қызықты ойынға қатысады. Көрермендер де өздері сұрақтарға жауап беріп, интеллектуалды бәсекені тамашалай алады. Логика мен креативті ойлау қабілетіне негізделген ойында жеңімпаздар анықталады. Танымал тұлғалардың арасындағы ой тартысын бірге көрейік!

Алмас Тоғай, «Хабар» арнасының тележүргізушісі

-Бір көрермен маған хабарласып айтады, біз апта сайын сенің жобаң эфирден шыққан кезде отбасымызды, достарымызды шақырамыз немесе өзіміздің отбасымыз екі командаға бөлініп алып, біз де студияда отырған қонақтардан бұрын жауап беруге тырысып ойнағанбыз деп. Негізгі идея тек көрермен ойнап қана қою емес, қазақ тілінде бар афоризмдердің өте көп екенін, қазақ тілінің бай екенін еске салу.

23 наурыздан бастап 15 жылдық үзілістен кейін көрермендер назарына «Азамат» бағдарламасы ұсынылады. 32 шығарылымда жастар өз ойларын ашық әрі боямасыз айтып, креативті индустриядан бастап, саяси, білім, тау-кен металлургиясын дамыту сияқты маңызды тақырыптарды қозғайды. Бағдарламаның төрешілері дебаттан шыққан білікті мамандар болса, жүргізушісі - пікірсайыстың бұрынғы қатысушысы.

Нұрсұлтан Құрман, «Хабар» арнасының тележүргізушісі:

-Қазіргі жастардың ойын жеткізу формасы өзгерген. Қазір жастардың ойлану қабілеті, тіпті басқа. Бұрын мысалы, біз кейбір мәселелерді айналып, бір нәрселерді астарлап, жеткізетін едік. Ақпарат біздер үшін қолжетімді болмайтын. Қазір жастарға барлық мүмкіндік жасалған. Арнаға, оны қолдаған Мәжіліс Парламентіне, Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғысымыз шексіз.

Екі күннен кейін «Алғашқының» да кезекті маусымы эфирге шығады. Жүргізушісі өздеріңіз жақсы көретін - Аман Тасыған. Бағдарламаның алғашқы қонағы – кино, театр және дубляж актері Бақытжан Әлпейісов. Алдағы уақытта танымал 16 кейіпкерді жаңа қырынан танып, олардың алғашқы сатқындық, алғашқы махаббат және алғашқы сынақтары жайында тың деректерді біле аласыздар. «Хабар» арнасы қосулы болсын!

Авторлары: Диана Қадыр, Қайрат Ақтөреев