Қазақстандық телеарналар жаңа маусымда аса ауқымды әрі көптен күткен жобаны ұсынуға дайын. «Хабар» телеарнасы «The Voice Қазақстан» музыкалық шоуын бастайды. Әлемдік аренада өзін дәлелдеген бұл жоба енді ұлттық форматта – қазақстандық жұлдыздардың, дара таланттардың және кең көлемді телевизиялық продакшнның қатысуымен өтпек.
«The Voice Қазақстан» шоуына онлайн-кастинг ресми түрде ашық. Қатысқысы келетіндер Telegram желісіндегі @castingKzBot ботына кіріп, өз орындауындағы бейнежазбасын жолдай алады. Қатысушылар қатарына 16 мен 59 жас аралығындағы жеке әншілер мен дуэттер шақырылады.
Сіздің қай жерде ән айтқаныңыз маңызды емес – үлкен сахнада, караокеде немесе үйде болсын – бастысы, тыңдарманды бірден баурап алатын талант пен харизма. Ал оларды сахна төріне алып шығу тәлімгерлердің еншісінде.
Жобадағы жұлдызды тәлімгерлер құрамын еліміздің музыка саласындағы ең беделді тұлғалар құрайды. Олар тек өз ісінің майталмандары ғана емес, сонымен қатар талантты танып, оны өрге сүйрей алатын кемел кәсіби мамандар:
Мейрамбек Бесбаев – халық жүрегінен орын алған өнер иесі, танымал әндердің орындаушысы.
Баян Алагөзова – қазақ эстрадасында жаңа есімдерді танытып жүрген, жарқын музыкалық жобалардың бастамашысы әрі табысты продюсер.
Бағым Мұхитденова – үздік вокалистердің сахналық дайындалуына жауапты кәсіби маман, музыкалық түйсігі айрықша тұлға.
Байғали Серкебаев – әйгілі «A’Studio» тобының көшбасшысы, композитор әрі музыкант, есімі Қазақстаннан тыс жерлерде де танымал.
TURAR – жастардың үніне айналған заманауи орындаушы, музыкалық трендтерді дөп басатын жас дарын.
Шоудағы басты ерекшелік – «көрмей тыңдау» кезеңі. Тәлімгерлер үміткердің тек даусын ғана тыңдап, сахнаға қарамай шешім қабылдайды. Мұндай тәсіл – әділдіктің кепілі әрі музыкалық әлеуетті шынайы бағалаудың жолы.
«The Voice Қазақстан» – бұл жай ғана әлемге танымал жобаның нұсқасы емес, бұл қазақстандық орындаушыларға арналған жаңа сахна, жас таланттарға жол ашатын үлкен мүмкіндік.
«Хабар» Агенттігі бұған дейін де отандық өнерді қолдап, жас дарындарға жол ашып келді. Біз бұл жоба арқылы елімізде ғана емес, әлем сахналарында да жаңғыра алатын ерекше дауыстарды табатынымызға сенеміз», – деді «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.
«The Voice Қазақстан» – әлемдегі ең жоғары рейтингке ие музыкалық шоулардың бірі. Алдағы күзде бұл жоба қазақстандық көрерменге тың серпінмен, жаңа тыныспен жол тартпақ. Бұл – жарқын есімдерге айналар болашақ жұлдыздардың сахнасы, көрермен үшін – жаңа өнер иелерін ашуға себеп болмақ.
Жаңалықтардан құр қалмау үшін «Хабар» агенттігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларын бақылап отырыңыз – алда көптеген жарқын жаңалықтар мен ашылулар күтіп тұр .
Анықтама үшін:
«The Voice» – әлемнің 180-нен астам елінде жүзеге асқан, аса сәтті халықаралық музыкалық тележоба. Бұл шоу жүздеген әншіге үлкен сахнаға жол ашып, миллиондаған көрерменнің сүйіктісіне айналды. Биылғы күзде бұл ауқымды жоба «Хабар» телеарнасы арқылы қазақстандық эфирге жол тартады.