Күзде «Хабар» телеарнасында көрерменге жол тартатын «The Voice Қазақстан» жобасына онлайн кастинг қыза түсті. Дарынына сенетін өнерпаздардың ағыны толастамай тұр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кастингке өтінім жолдағандар саны мыңнан асып жығылады. Бұл ел ішіндегі шынайы таланттың көптігінің көрінісі. Күміс көмей, жез таңдай жандарды өз тобыма алсам дейтін тәлімгерлер де жобаның басталуын тосып жүр.
Жоба әлемнің 180-нен аса елінде көрсетіліп, үлкен сұранысқа ие болды. Сахна төріне шыққан әр тәлімгер өз мектебін қалыптастырған өнер иесі.«Хабар» телеарнасы ұлттық шоу-индустрияға тың серпін беріп, таланттарға жол ашатын жобаларды ұдайы қолдап келеді. «The Voice Қазақстан» соның жалғасы.
Мейрамбек Бесбаев, «The Voice Қазақстан» жобасының жетекшісі және тәлімгері:
-Мен де енді кішкентай кезімнен бір көргенім бар шығар өнерде, солармен бөлісермін шәкірттермен, бір ой айтармыз, жақсы әңгімелер болар. Керемет эмоциялар күтемін. Осы күнге дейін талантты халық екеніміз белгілі ғой, сол талантты халық екеніміздің дәлелі тағы бір осы додада көрінетін шығар деп ойлаймын.
Әлемдік аренада көрерменнің көзайымына айналған шоу енді қазақ тілінде қайта жаңғырып, отандық сахнаның брендіне айналмақ. Оған 16 мен 59 жас аралығындағы жеке орындаушылар мен дуэттер қатысып, бағын сынай алады. «The Voice Қазақстан» жобасының басты ерекшелігі-көрмей тыңдау. Яғни таңдау үміткердің түр-тұлғасына емес, таза дауысқа негізделеді.
Байғали Серкебаев, «The Voice Қазақстан» жобасының тәлімгері:
-Көрмей тыңдау кезінде сен бар зейініңді тек дауысқа қоясың, адамның қалай ән айтқанына, эмоцияны қалай жеткізетініне назар аударасың. Сондықтан бұл кезеңдегі ең басты міндет шын өнерді жүрегімен алып жүретін нағыз талантты байқап қалу, оны мүлт жіберіп алмау болып отыр.
Кастингке видео жолдағандардың арасында алғаш рет сахнаға қадам басқандар да, бұған дейін түрлі жобаларда бағын сынағандар да бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат ешбір талант тасада қалмауы тиіс.
-Өздеріңіз білесіздер, бәйге ат болса, ол бір жарыспен ғана шектелмейді ғой. Ол күші бар кезде әртүрлі сайыстарға түсіп жүреді. Кейде бағы жанады, кейде бабы шабады деген сияқты. Бұрын алдында бабы келмесе, осы жолы кім біледі бағы жанып кететін шығар.
«The Voice Қазақстан» - жай ғана жаһандық жоба нұсқасы емес, бұл қазақ үніне жол ашатын, ұлттық болмыс пен талантты тоғыстырған өнер алаңы. Болашақ жұлдыздардың ұстаханасы. Үйде отырып ән салған жан ертең үлкен сахна саңлағына айналуы мүмкін.
Алуа Ералықызы, Валентин Лобанов