Астанада «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының қалалық кезеңі басталды

  • 12
  • 04.11.2025, 19:56

Жобаны Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігі бірлесіп іске асырып жатыр.

Жанел Оспан «XXI ғасыр көшбасшысы» тележобасына қатысқысы келетін үміткерлердің бірі. Өзі оқу озаты. Қалаған мамандығының иесі атану үшін көп ізденіп жүр. Экономикалық және қаржылық сауаттылықты арттыру курстарына қатысып, география және ағылшын тілі пәнінен олимпиада жүлдегері атанған. Енді өзін білімді жастарға арналған телебағдарламада сынап көрмек.

Жанел Оспан, №82 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы:

- Телебағдарламаларды қарап, әртүрлі кітаптарды оқып, алда менде ҰБТ сынағы болады, соны да дайындық ретінде қолдандым. Өзім курстарға қатысам, сол да маған үлкен сеп берді деген ойдамын. Енді алдағы уағытта осы сайыста жеңемін деген ойдамын.

Тележобаға қатысу оңай емес. Бағдарламаға дейін бірнеше талаптан өту керек. Бүгінгі іріктеу кезеңінде Астана қаласы бойынша 88 оқушы бақ сынады. Барлығы да өздері білім алатын мектептерде үздік. Олар тест түрінде өткен сайыста 60 сұраққа жауап берді. Арасында пәндерден өзге түрлі салаларға қатысты сауалдар да бар.

Рамазан Жұмабай, І. Есенберлин атындағы №67 гимназияның оқушысы:

- Бұл үлкен мүмкіндік мен үшін. Өзімнің арманым – телевизордан көріну. Осыған дейін «Хабар» арнасына интервьюлер берген болатынмын, бірақ сайыс ретінде көрсем бе екен деген ой туды. Сол үшін әрі қарай қатысам, орын алам, телешоуда көрінем деген мақсат қойып тұрмын.

Зере Санаева, Ж. Жабаев атындағы №4 мектеп гимназиясының оқушысы:

- Бұл сайыс өзіме деген сенімділігімді, нақтылығыңды, өмірге, болашаққа деген үлкен аяқ басқым келгендіктен осы сайысқа келдім.

«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік бағдарламасы – бұл «Хабар» Агенттігі» мен Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен жобасы. Негізінен білім бәйгесінде топ жарған, еліміздің түкпір-түкпіріндегі озық ойлы оқушылар қатысып келеді. Мақсаты – дарынды жастарды қолдау.

Жадыра Тілеубаева, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының әдіскері:

- Талап оңай емес. «Хабар» агенттігінің де қойып отырған мақсаты – балалардың жалпы көшбасшылық қасиетін шыңдау. Зияткерлік зеректігін, ой-өрісін, білімін дамыту ғой. Сондықтан біздің балаларымыз осы талаптарға сай деп ойлаймын.

Сайыстың келесі кезеңіне 10-нан аса жеңімпаз іріктеліп, республикалық байқауда бақ сынайды. Ал бағдарлама алдағы уақытта эфирден көрсетіледі.

 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Оспанов