«Хабар» телеарнасындағы шоқтығы биік жобалардың бірі – Cover Show-дың жаңа маусымының түсірілімі басталды. Аға буын әншілер мен жастар әртүрлі жанрда ән шырқап, бақ сынайды. Мега-шоудың бесінші маусымы сенбі күні, 28 наурыздан бастап көрерменге жол тартады.
Cover Show – әнсүйер қауымның оң бағасын алған бағдарлама. Әр буындағы әншілердің басын бір сахнаға тоғыстырған жобаның бесінші маусымы жаңа өнерпаздармен толыға түсті. Бұл жолы жас әнші Баянсұлу екі ән дайындап келіпті.
Баянсұлу, әнші:
- Бірінші ән – жүрекке жететін мұңлы және де вокалдық техникаларды көрсететін ән. Сіздердің жүректеріңізге жетеді деген ойдамын. Екінші әнде харизманы көрсетіп, билейміз, көңіл көтереміз. Жаңа стильде болғандықтан енді тырысып жасап көрдік.
Cover Show-дың негізгі форматы өзгерген жоқ. Әдеттегідей, 16 шығарылым көрерменге жол таратады. Осы маусымда жалпы саны 64 әнші сахнаға шығып, 128 әнді жаңа форматта орындайды. Олардың арасында Нұржан Керменбаев, Айдана Меденова, Қайрат Нұртас сынды әншілер бар. Әр бағдарлама сайын сарапшылар тобы жаңарып отырады.
Мейрамбек Бесбаев, Cover Show-дың бас сарапшысы:
- Өнерде жүрген адамдар бір-бірімен алмасу, әндер жаңаруы, бір-бірінің әндерін өзінің нұсқасында беруі. Жалпы жақсы кездесу бір-бірімізге деген. «Хабар» арнасына үлкен рақмет айтамыз, қаншама әндер жаңарды, қаншама достар осы жерде тоғысып, небір пікірлер айттық, небір тілектер айтылды. Сондай бір жақсы орта болды.
Cover Show тыңдарманға танымал әнді өзгертіп жеткізу ғана емес, әр әншінің орындау шеберлігін көрсету және жаңаша келбет беру. Жастардың орындау шеберлігіне аға буын өнерпаздар баға беріп, тәжірибе алмасады.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Cover Show – «Хабар» Агенттігінің» соңғы жылдардағы бір бетке ұстар рейтинг беретін жобалардың бірі. Көптеген жастар қатысып жатыр. Ол да бір керемет сәттердің бірі. Біздің «Хабардың» көрермендері қатарында үлкен буын да, орта буын да, жастар да бар. Менің ойымша, сол себепті барлық әншілерімізді жақсы қабылдайды.
«Хабар» арнасының көрмерендеріне етене танымал болған Cover Show-дың бесінші маусымы 28 наурыздан бастап эфирден көрсетіледі. Ендеше сенбінің кешінде «Хабармен» бірге болыңыздар!
Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев