«Жекпе-жек» айтыс жақында эфирге қайта оралады

  • 38
  • 03.07.2026, 20:02

«Хабар» Агенттігінің көрермен ықыласына бөленген «Жекпе-жек» айтысы жаңа маусымға дайын. Бүгін ұлттық өнер додасының түсірілімі басталды. Биыл бас жүлде – автокөлік үшін елдің таңдаулы 16 ақыны бақ сынайды. Олимпиадалық жүйемен өтетін жыр сайысында «Алтын домбыра» иегерлері мен айтыс аламанының кіл мықтылары сөз қағыстырады.

Биылғы бәсекеде «Алтын домбыра» иегерлері, халықаралық және республикалық айтыстарда топ жарған саңлақтар, мемлекеттік марапаттардың иелері бір сахнада тоғысады.

Жарыс Олимпиадалық жүйемен өтеді. Алдымен жеребе нәтижесінде жасақталған сегіз жұп ширек финалда өнер көрсетеді. Одан сүрінбей өткен сегіз ақын жартылай финалға жолдама алады. Соңғы сыннан мүдірмеген екі жүйрік ақтық кезеңде жеңімпазды анықтайды. Әр кезеңде шешімді қазылар алқасы қабылдайды.

Сөз сайысының әділ бағасын елге белгілі қаламгерлер мен айтыс зерттеушілері береді. Қазылар құрамында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан бар.

Уәлихан Қалижанұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі:

- Тарихи сананы оятатын, ұлттық рухты оятатын, үлкен мәні бар айтыс деп есептеймін. «Хабар» Агенттігі ұйымдастырған осы бәйгесіне, айтысына халық риза болатын шығар.

Айтыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты, мәдениеттанушы Серікзат Дүйсенғазин де төрелік етеді. Оның айтуынша, бүгінгі айтыскерден тек ұтқырлық емес, тарихи таным, көркем ойлау және жауапкершілік талап етіледі.

Серікзат Дүйсенғазы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- «Жекпе-жек айтыстың» тағы бір ерекшелігі – жас ақындарымызды танытуға үлкен еңбек сіңіріп жатыр. «Хабардың» бастамасы екінші жыл өтіп жатыр ғой. Бұл енді ұлттық өнерді насихаттауда үлкен қолдау.

Ал қазылар алқасына Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын, драматург Жүрсін Ерман төрағалық етеді. 50 жылға жуық ұлттық айтыстың дамуына еңбек сіңірген қаламгер бұл жолғы додада да сөздің салмағы мен өнердің биігі басты өлшем болатынын жеткізді.

Жүрсін Ерман, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы:

- Жекпе жек айтыстың ерекшелігі – бәрі жоғары деңгейде өтті. Одан басқа ерекшелік болмайды ғой. Алдағы уақытта та сондай биік деңгейден көрінсе деп тілеймін.

«Жекпе жек» – қарсылас таңдамайтын қайсарлықтың, тапқырлықтың және ақындық қуаттың шынайы таразы іспетті. Жоба қыркүйек айында эфирге жол тартады.

Сымбат Сағындық, Досхан Қораз