«Хабар» телеарнасындағы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасының іріктеу кезеңі аяқталды. Жартылай финалға 108 оқушының арасынан 18 қатысушы өтті. Осылайша тележобадағы тартыс арта түсті. Зияткерлік ойынның басты мақсаты – жас дарындарға қолдау көрсету.
Сарапшылар жартылай финалға өткен балалардың білім деңгейін жоғары бағалап отыр. Бұл кезеңге осал қатысушының өтпейтіні анық. Республикалық сайысқа қатысу үшін бір пәнді меңгеру жеткіліксіз. Тележоба ережесі бойынша оқушылар кез келген сала сұрақтарына сақадай сай болуы қажет.
Қадыржан Шияпов, Абай атындағы ҚАЗҰПУ қауымдастырылған профессоры:
- Бүкіл Қазақстан бойынша келген оқушылар ғой. Барлығының білім деңгейі жақсы, салыстырмалы түрде жоғары. Бірақ қазіргі заманның ырғағына қарай, өздерін ұстау қабілеттеріне байланысты сасқалақтау сәл басым. Бұл ойын барысында көрініп жатыр. Жалпы, оқушылардың білім деңгейі жоғары. Өте риза болып отырмыз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқушылар осы жылғы зияткерлік ойынға тыңғылықты дайындалған. Биылғы қатысушылар бұған дейінгі жарысты қарап, біраз зерттегені көрініп тұр.
Гүлнәр Сүлейменова, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» жобасының продюсері:
- Сұрастыра келе, біз ол балалардың «21 ғасыр көшбасшысы» жобасын бірнеше реттен толық көріп шыққанын білдік. Сол жерде олар бізге: «Былтыр балалардың көпшілігі мақал-мәтелдерді, қазақтың салт-дәстүрі мен тарихын онша жақсы білмеді. Ал биылғы қатысушылар өткен жылғы балалардың олқылықтарының орнын толтырып, салт-дәстүр, мақал-мәтел жағынан жақсы дайындалып келіпті», – деді.
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» – дарынды өрендерді көшбасшлыққа тәрбиелейтін жоба. Зияткерлік ойынның жеңімпаздары 3 жоғары оқу орнында тегін білім ала алады. Ғылым және жоғары білім министрлігі осындай мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ тележобаға Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту министрліктері қолдау көрсетіп келеді.
Ернұр Рысбай, Мұхит Құдықбаев