Алматыда «Стартап – QZ» телехикаясының түсірілімі басталды

  • 5
  • 31.07.2026, 19:54

Еліміздің дамуы білімді, ізденімпаз әрі жаңашыл жастарға тікелей байланысты. «Стартап – QZ» көздегені де осы. Кино арқылы ғылым мен білімнің, еңбек пен табандылықтың құндылығын дәріптеу. Жаңға жоба жас буынды үлкен мақсаттарға ұмтылып, өз идеяларын жүзеге асыруға шабыттандырады.

Дәулет Бекмағамбетов, режиссёр:
- Жастарды өзіміздің тілде ғылыми техникамен таныстыруға тырысамыз. Мүмкін осы сериалдан кейін де қызығып кететін біздің жастар болады, не себеп болуы мүмкін. Ең болмағанда осы сериал бір болашағы зор робототехниктің қызығушылығын тудыратын болса мен ойлаймын ол да бір үлкен жетістік деп. 

Кино өндірісіндегі қалыптасқан дәстүрге сәйкес шығармашылық топ тәрелкені сындырып, түсірілім жұмыстарына ресми түрде кірісті. Телехикая инновациялық реалити-шоу төңірегінде өрбиді. Бас кейіпкер Әлинұр бала кезінен медицина саласына арналған интеллектуалды робот жасауды армандайды. Анасының ауыр дертке шалдыққанын білгеннен кейін бұл арман оның өмірлік мақсатына айналады.

Серік Сарыбай, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалының директоры: 
- Мұның өзегі өзінің анасын құтқару үшін ақылымен ажалды жеңген жас жігіттің, жас баланың жаңа интеллектуалдық үлкен өреге күш салып, жаңа жобалар ойластырып, соның арқасында жеңіске жетуіне айналады. Бұл баяғы кезеңдегі жаңағы қазақ балалары ғылымнан білімнен кеш қалып жатыр деген нәрсені жоққа шығаруға және де жастарды алға ынталандыруды мақсат тұтып отыр. 

Телехикаяның ерекшелігі – көркем сериал мен реалити-шоу элементтерінің үйлесуі. Көрермен кейіпкерлердің эмоциялары мен тағдырын ғана емес, инновациялық жобалардың дүниеге келу барысын, командалар арасындағы бәсекелестікті және үлкен телевизиялық жобаның ішкі жұмысын да тамашалай алады.

Аслан Бектенов, актёр:
- Бұл сериалдың сценарийін оқыған кезде жалпы таңданыс көбірек болды менде. Себебі мұндай робототехника, жасанды интеллектпен жұмыс істеу мен үшін қызық болды. Актер болған соң неше түрлі мамандықтарды, рөлдерді сомдап көреміз. Жалпы бұл рөл мен үшін өте қызық және ерекше эксперимент болады деп сенемін. 

Түсірілімдер Алматыдағы заманауи білім беру мекемелерінде, технологиялық орталықтарда өтеді. «Стартап – QZ» драмалық телехикаясының тұсаукесері «Хабар» телеарнасының жаңа телевизиялық маусымында көрерменге жол тартады.

Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев