Орны толмас қаза. «Хабар» арнасының тілшісі, «7 күн» бағдарламасының редактор-сарапшысы, әріптесіміз Индира Жылқайдарова өмірден өтті. Әріптесіміз соңғы жылдары ауыр дертпен күресіп, ақыры сұм ажалдың ілмегіне ілікті. Жайсыз хабарды естіген журналистикадағы әріптестері кешелі бері Индира Орынбайқызының кәсібилігі мен адамгершілігін еске алып, жарыса жазып жатыр.
Индира ерек еді... Қаламы қарымды, сөзі сүйекті, тілі шұрайлы . Әр сюжеттің мәтінін жүрекпен жазатын. Тақырыпты таңдауда да талғамы басқалардан бөлек еді. Ақпаратты қасаң сөзбен сапырмай, әр жасаған материалы көрерменнің ойындағысын дөп басатын. Иә, әріптесіміз туралы бұдан былай өткен шақта айтуға мәжбүрміз. Қаралы хабар кеше кешкісін қазанның бірі күні жетті. Естіген жанды есеңгіретті.
Ербол Мәндібек, журналист:
- Кешегі суыт хабарды естіп, есеңгіреп қалдым. Өйткені Индирамен кішкентайымыздан, 20 жасымыздан журналистикаға бірге келдік. Сол уақыттан бері бірге доспыз. Былай айтқанда, өзін ғана емес, жан-жағының барлығын ойлап жүретін ылғи өзінің материалын жасап болғаннан кейін Ербол көмектесейін бе, қандай көмек керек, үлгермей жатсаң, қай жағынан болсын, текст, монтаж барлығына жүгіріп келіп, бір елгезек болды.
Индира қысқа ғана ғұмырында қазақ журналистикасына айтарлықтай үлесін қосып үлгерді. Еңбек жолының басым бөлігінде Үкіметтен, Парламенттен белсенді хабар таратты. Еліміздің заң шығару үдерісін ақпараттандыруға айрықша ден қойды. Елді алаңдатқан, өзекті деген қоғамдық-саяси мәселелерді көтерді. Оның журналистика саласындағы еңбегі кәсіби байқауларда да жоғары бағаланды.
2020 жылы «Парламент сөзі» байқауында үздік телевизиялық сюжет номинациясын жеңіп алды. Ал 2021 жылы «Аманат» байқауында мемлекеттік тілдегі үздік телевизиялық материал үшін лауреат атанды. 2022 жылы Индира AMANAT медиасыйлығының «Рухани-мәдени даму туралы үздік материал» номинациясында жеңімпаз болды. Таяуда ғана ҚР Парламентінің 30 жылдығына арналған төсбелгі табысталды. Бұл - Индираның соңғы марапаты еді...
Сәуле Бапақова, ҚР Құрылтайының баспасөз хатшысы:
- Индира өте іздемпаз еді. Кейбір заң жобаларына жекелеген тұстарын түсінбей қалса, қайта келіп нақтылап алатын. Күндіз қасында жүрген кішкентай қыздың кешкі жаңалықтарда мемлекеттік маңызы бар күрделі тақырыптарды жаң-жақты талдап, мән-жайды егжей-тегжейлі жеткізіп тұрғанын көргенде іштей ол үшін қуанатынбыз. «Мына жерін қалай байқадың?», - деп өзара сұрағанда, «Біз студияға барғанда оны қайта қараймыз, қайта тыңдаймыз ғой», - деп жауап беретін.
Индира еңбек жолын бұрыңғы Эра, қазіргі «Жетінші арнадан» бастады. 2015 жылдан бастап «Хабар» арнасының «Жаңалықтар» бөлімінде тілші, соңғы жылдары «7 күн» апталық-сараптамалық бағдарламасының редактор-сарапшысы қызметін атқарды. Әріптесіміз соңғы 4 жылда аты жаман дертпен күресті. Жалғыз баспанасын сатып, ем іздеп шетелге аттанды. Соңына дейін үміті үзілген жоқ. Бірақ сұм ажал санаспайды. Амал нешік?!
Жігер Сәрсен, «Жеті күн» апталық-сараптамалық бағдарламасының жетекшісі:
- Тамыз айының аяғында туған күні болды. Ортақ чатқа ұжымның бірауыздан құттықтап, барлығымыз лебімізді білдірдік. Барлығымыздың тілегіміз бір болды. Арамызға ертерек орал. Бәрін тыңдап, естіп, көріп, оқып болғаннан кейін Индира өзі аудиохабарлама жіберді. «Барлықтарыңды сағынам. Менің қазір қандай күй кешіп тұрғанымды білмейсіңдер. Мен сендерді қатты сағындым. Араларыңа оралғым келеді. Мен қазір жылаймын», - деді де сол жерде еңкілдеп отырып жылады. Соңғы рет бізідң барлығымыздың байланысқанымыз сол болды. Жанына батқан ауырлығын сездірмейтін. Сондай ақжарқын, жаймашуақ тіршіліктегі күйімен сол қалпы кетті арамыздан.
Индираның жарқын болмысы мәңгі есімізде қалады. Индира Орынбайқызының ата-анасы, отбасына «Хабар» Агенттігі басшылығы мен әріптестерінің атынан қайғыра көңіл айтамыз.