Ашық космостан арнайы «Хабар» үшін репортаж қалай жасалды?
Яғни халықаралық деңгейдегі іргелі оқиғаларды көрерменіне бірінші болып ұсынады. Мына тарихи кадрлар қарапайым көрерменге есте қалатын сәт сияқты ғана көрінуі мүмкін. Бірақ дәл осы көріністі халыққа көрсету үшін қыруар жұмыс атқарылды. Ол қалай дейсіз ғой? «Хабар» – елімізде ғарышпен тікелей байланысты ұйымдастырған тұңғыш және жалғыз арна. Сонау 1998 жылы Орбитадағы адаммен 3 рет сұхбат құрылды. Алғашқысында халықтың сүйікті әншісі Нұрлан Өнербаев жерден, ал Талғат Мұсабаев ғарыштан қосылып, гитарамен ән шырқады.
Сол тікелей эфирден кейін Нұрлан Өнербаев гитараны Талғат Мұсабаевқа тарту етеді. «Хабар» Агенттінің ұжымы ғарышкердің жерге оралуын күтпей-ақ, музыкалық аспапты Орбитаға жеткізілетін жүкпен бірге аттандырады. Бірақ бұл оңайға соқпады. Себебі ғарыш жүк кемесіндегі әр бұрыш есептеулі. Осы ретте бірнеше рет келіссөз жүргізілді. Жерден жеткен тосынсый Талғат Мұсабаевтың қолына тиген кезде «Хабар» қайта тікелей қосылым жасады.
Бүгінде қазақ мақтанышы Талғат Мұсабаев – Сенат депутаты. Тарихқа алтын әріппен жазылған сол сәтті былайша еске алады.
Талғат Мұсабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Ғарышта тартылыс күші жоқ болғандықтан, әуресі де көп. Гитара қолда тұрмайды. Салмақсыздықтан ұшып кете береді. Бір орында тұру үшін аяғымды арқан секілді жіпке қыстырып қойдым. Станциядағы қысым төмен. Онда ән орындау былай тұрсын, сөйлеудің өзі қиын. Орбита бекетінің ішінде реактивті ұшақтың двигателі істеп тұрғандай шу естіліп тұрады. Осындай азан-қазанда гитарамен ән шырқадым.
Сол сәтті осыдан 22 жыл бұрын халыққа жариялаған жүргізуші Зейін Әліпбек бүгінде – «Хабарда». Әлі күнге дейін сіздердің көзайымдарыңыз болып жүр.
Зейін Әліпбек, жаңалықтар жүргізушісі:
– Өзімнің жеке басыма келгенде, бұл өмірде ешқашан ойламаған дүние болды. Бізге аяқ астынан айтты деуге болады. Бір күн бұрын айтты ғой деймін. Әлемдік тәжірибеде бар шығар, бірақ қазақстандық тәжірибеде жоқ. Қалай болу керек? Сұхбат қалай жүру керек? Оның бәрін біз үшін импровизация жасау керек болды.
Ғарышқа барып келген бұл гитара бүгінде «Хабар» Агенттігінің құнды жәдігері болып табылады.
Зайнұр Байжігіт, тілші:
– Талғат Мұсабаев – Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ғарышкері, ашық космоста жұмыс істеген тұңғыш қазақ. Ғарышқа елдің көк Туы мен Елтаңбасын өзімен бірге алып барған. Бірақ түпсіз тұңғиық кеңістігін бағындырып қана қойған жоқ. Өзге де маңызды миссия атқарды. Ғарыштан арнайы «Хабар» үшін репортаж жасады. Нақтырақ «Хабар» Агенттігінің «Мир» орбиталық бекетіндегі меншікті тілшісі болды. Мұны растайтын арнайы куәлігі әлі күнге дейін сақтаулы.
Талғат Мұсабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Ғарышкердің жұмысынан бөлек, репортаж да жасайтынмын. Орбита бекетінде алдыңғы астронавтардан қалған камералар болатын. Ғарышта темірді балқытып, зерттеу жүргізіп көрдім. Соны қоластымдағы америкалық астронавт түсіруге көмектесті. Кейде камераны бортқа бекітіп қоятынмын. Режиссер, сценарий жазушы, таспагердің жұмысын қатар алып жүрдім.
Сол кезде ғарыштан жөнелтілген репортаждар әлі күнге дейін «Хабар» арнасының бейнеқорында сақтаулы. Телеарнаның мұрағатына үңілсек, Агенттік ұжымы талай іргелі оқиғалардың ортасынан табылған. Ширек ғасырлық тарихы бар телеарна алдағы уақытта да көрерменіне осындай тұщымды дүниелерді ұсына бермек.
Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Болотбек Табалдиев