Хабар телеарнасы

Халық Газаға орала бастады

Израиль күштері үйлеріне оралмақ болған 22 ливандықты атып өлтірді. Алтауы - әйел. Тағы 124 адам жараланған. Ливандағы бейбіт келісімге сәйкес, Израиль Ливанның оңтүстігінен әскерін шығаруға тиіс еді. Алайда Ливанның үкіметтік әскері бұл аймақты түгел өз бақылауына алмағандықтан, әскер шығару мерзімін ұзартты. Бұл туралы алдын ала мәлімдеп, тұрғындарға әзірге аймаққа оралмауын ескерткен-мыс. Ал бүгіннен бастап Газа тұрғындары солтүстік аймақтағы үйіне орала бастады. Мыңдаған палестиндік бұл сәтті бірнеше күн күткен. «Хамас» ұйымы кепілде ұстаған үш әйелді босатқан соң, Израиль таңғы жетіде бірінші бекетті ашты. Екінші бекет сағат тоғызда палестиндіктерді жібере бастады. Жалпы Газаның орталық және оңтүстік бөлігіне бас сауғалаған 650 мыңдай адам өз үйіне оралмақ ниетте.