Хабар телеарнасы

Қазақстан – Қытай шекарасы уақытша жабылады

Қазақстан мен Қытай шекарасы жабылады. Бірнеше күнге. Осы уақыт аралығында өткізу пункттерінен жолаушы, көлік пен жүк тасымалданбайды. Шекараның жабылуына не түрткі болды?

Шекара жабылады, бірақ уақытша. Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу орындары 4 күнге жұмысын тоқтатады. Бұл шешім бүгін кешкі 8-ден бастап күшіне еніп, 1 ақпан кешкі 8-ге дейін жалғасады. Бұл жөнінде Қытайдың Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің шекара басқармасы ресми хабарлады.

Осы күндері Қазақстан мен Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінен адамдар, көліктер мен жүк өткізілмейді. Десе де, теміржол бекеттері штаттық режимде жұмыс істей береді. Бұл шектеулер Қытайдағы көктем мерекесіне байланысты. Айта кетейін, Қытай халқына Ай күнтізбесі маңызды. Бұл елдің мәдениеті мен дәстүріне сәйкес жаңа жыл бір айдан астам уақыт бойы тойланады. Шаған мерекесі жалпыхалықтық, отбасылық сипатқа ие. Осы күндері шекарадағы қызмет көрсету орындары, жалпы елдегі барлық мемлекеттік мекемелерден бастап, базар, ойын-сауық орындары түгел жабылады. Дәстүрге сәйкес осы күндері қытайлар туып-өскен ауылдарына, ағайын-туыстарына, ауылдағы ата-аналарына барып бірнеше күн бойы жаппай демалады.

Ескі жылмен қош айтысып, жаңа жылды қарсы алады. Оны 2 мың жылдан астам уақыттан бері тойлап келеді. Бұл мереке биыл 28 қаңтар мен 4 ақпан аралығына түсіп тұр. Мемлекетте 8 күнге демалыс жарияланып отыр. Тасымалдаушылар мен барлық өзге де шекараны кесіп өтуге ниетті азаматтар осы шектеулерді ескеріп, сапарды алдын ала жоспарлағандары дұрыс.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын