Грузияда жаңа мультимодальды терминал іске қосылады
Биыл Грузияның Поти портында қазақстандық компания салып жатқан жаңа мультимодальды терминал іске қосылады. Бұл Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк тасымалын арттыруға сеп болмақ. Мұны бүгін Грузияның Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен кездескен еліміздің Үкімет басшысы Олжас Бектенов айтты. Жалпы Қазақстан мен Грузия аталған бағытты дамытуға мүдделі. Тараптар қабылдаған шаралардың арқасында орта дәліздің өткізу қабілеті, 2027 жылға қарай жылына 10 млн тоннаға дейін жетеді деген болжам бар. Кездесуде тараптар сауда-экономикалық байланыстарды да талқылады. Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе Грузияның Қазақстанмен екіжақты байланыстарды дамытуға және нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
-Поти портында, Грузияда өзіміздің қазақстандық терминал болады. Оған біздің жеке инвестор 30 млн АҚШ долларын инвестиция салып отыр. Соны алдағы сәуір айында осы терминалды іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Ол, әрине, біздің көліктік әлеуетімізді дамытады.