Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы бірнеше есе артады
Қазақстан көлік-транзиттік әлеуетті дамытуға күш салады. Алдағы екі жылда еліміз арқылы өтетін жаңа теміржол дәліздері түсіп, ескілері қайта жаңғыртылады. Осының арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы бірнеше есе артады. Ішкі байланыс қазіргіден де жеделдеп, көрші елден Еуропаға шығатын теміржолдың пойыз өткізу мүмкіндігі кеңейе түседі.
2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасмалы 40 миллион тоннаға дейін жетуі мүмкін. Оған биыл еліміздегі бірнеше бағыттағы теміржол құрылысының аяқталуы сеп болады. Қазір жалпы қашықтығы 1100 шақырым болатын теміржол салынып жатыр. Оның 836 шақырымы Достық-Мойынты бағытында. Бұл учаскедегі құрылыс биыл шілде айына дейін аяқталады.
Нәтижесінде Транскаспий бағытындағы орта дәліздің өткізу мүмкіндігі бес есеге дейін артады. Әсіресе контейнер таситын пойыздарға басымдық беріледі. Оның саны 600 пойызға дейін көбейеді. Сонымен қатар биыл Алматы айналма жолының құрылысы да бітеді. Бұдан бөлек, Мойынтыдан Қызылжарға дейін ұзындығы 366 шақырым болатын жаңа теміржол салынады. Жоба жүзеге асқанда жүк пойыздары төте жолмен жүруге мүмкіндік алады. Бұл жүк тасымалының мерзімі тағы қысқара түседі деген сөз. Ал Қызылжардан Ақтау портына дейінгі аралықтағы учаскелер ауқымды жаңғыртудан өтеді. Сонымен қатар Алтынкөлден Жетігенге дейінгі аралықтағы теміржол кеңейтіледі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы дәлізге жаңа тыныс береді. Бүгінде Қазақстан мен Қытай шекарасында Достық-Алашанькоу және Қорғас-Алтынкөл сияқты екі теміржол өткізу бекеті бар. Бұл жерден жылына 25 млн тоннаға дейін жүк өткізуге болады. Қазір екі елдің шекарасында үшінші шойынжол өткелінің құрылысы жүріп жатыр.
Бауыржан Орынбасаров, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өндірістік процестер жөніндегі басқарушы директоры:
-Аягөз – Бақты бағытындағы үшінші шекаралық өткізу бекетінің құрылысы басталды. Бұл Бақты-Тачэн бағыты. Бақты станциясында құрғақ порттар салу жоспарда. Айта кету керек, алдын ала жүргізілген келіссөздерге сәйкес 2025 жылы шекарадан 33 миллион жүк өтеді. Бұл 2024 жылдан 13 пайызға артық.
Айта кету керек, бүгінде Қазақстан аумағынан 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның ішінде бесеуі теміржол және 8 автомобиль дәлізі бар. Қытайдан Еуропаға 1,5-2 ай жүретін жүкті біздің ел арқылы екі аптада жеткізуге болады. Қазақстанның транзиттік жүк тасмалына қатысты халықаралық бәсекедегі мүмкіндіктерін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ерекше атап өтті. Бұл артықшылықты толық әрі тиімді пайдалансақ еліміздің экономикасын дамытуға айтарлықтай серпін берер еді.
Жалпы 2025 жылы инфрақұрылымның негізгі үш бағытын дамытуға ден қойылады. Локомативтер мен вагондар алынады. Жұмысты жүйесін автоматтандыру және цифрландыруға мән беріледі. Сондай-ақ қайта тиеу тораптық станциялары мен магистралдық теміржол желілері салынады. Осы арқылы инвестициялық климатты жақсарта түсу көзделіп отыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын