Павлодар облысында ұлттық спортты дәріптейтін клуб ашылды

  • 5
  • 04.12.2025, 18:59

Жаз бойы клубқа күніне 100-ден аса адам келген.

Ағайынды жігіттердің ат клубын ашу идеясы аяқасты пайда болыпты. Алғашында олар өздері үшін үш жылқы сатып алған екен. Атқа мінудің ерекше әсерін сезінген соң бұл қуанышты достарымен бөлісіп, қызықты сәттерді әлеуметтік желіге жариялай бастайды. Тұрғындар тарапынан сұраныс артқанын байқап, кәсіп ашуға бел буады.

Досжан Мұратбек, клуб жетекшісі:

- Қыс болған кезде,  күн суытқан кезде адамдар азаяды деп ойлағанбыз. Жоқ, қазірдің өзінде сұраныстар бар. Біз қазір таңғы аспен турлар ұйымдастырып жатырмыз. Балаларымен келіп жатады, фотосессия жасайтын адамдар бар және қазір енді ұзату, қандайда бір ерекше қазақи форматтағы іс-шараларға атпен видео түсіру, атпен шақыру жасау деген сияқты трендке келіп жатыр. 

Шілде айында құрылған клуб қазанға дейін тоқтаусыз жұмыс істеді. Келушілер легі әлі де толастаған жоқ. Жазда күніне жүзден астам адамды  қабылдапты. Бұған қарап, цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде де   адамдардың өткенмен байланысын жоғалтпағанын аңғаруға болады.

Қарлығаш Қасиетова,тілші:

- Атқа мінудің пайдасын ата-балаларымыз ертеден-ақ білген. Ол адамға еркіндік сыйлайды, денсаулық тұрғысынан да өте пайдалы. Әсіресе физикалық қозғалыс азайған қазіргі заманда жүйкені тыныштандырып, көңіл күйді жақсартады. Табиғатпен үндесуге де таптырмас мүмкіндік. Соңғы кезде қала тұрғындары арасында атты серуенді қалыпты демалысқа айналдырғандар қатары артқан. 

Кішкентай Ясмина сабақтан кейін жылқыларын көруге асығады. Бос уақытының көбін ол ағаларының жанында, ат қорада өткізеді. Қуыршақ ойнағаннан ат баптау оған әлдеқайда қызық. Шығыс жекпе-жегімен айналысатын қайсар қыз болашақта шабандоз болып, бәйгеге қатысуды армандайды.

Ясмина Қожанова, оқушы:

- Мен алты жасымнан бастап атқа міндім. Мені әкем атқа мінгізіп үйретті. Менің бірінші үйренген атым Бағжан. Адамды тыңдайды, «шу» десе, шабады. Тоқтатқанда «дыр-дыр» деп жатса, өзі тоқтайды. Мен оған сенемін. Демалыс кезде де, бос уақытта өзім келіп оған тарап, тамақ беріп отырамын. Мектепте отырғанда, үйде жай отырғанда, күресте болғанда  сағынамын.

Атпен серуендеу күніне үш-төрт сағатқа созылады. Демалушылар үшін арнайы бағыттар әзірленген. Мысалы, салт аттылар Мойылды ауылынан 20 шақырым жерде орналасқан күлгін түсті тұзды көлге жиі барады. Келесі жылы киіз үйлер тігіп, бие сауып, демалушыларға ұлттық сусын ұсынуды жоспарлап отыр.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков