Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Коштаның Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы серіктестікті нығайтуға қомақты үлес қосқанын атап өтті.
– Екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы жылдан жылға кеңейіп келеді. Бұл қос тарапқа да пайдасын тигізе отырып, ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге жол ашты. Биыл Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің қабылданғанына 10 жыл толды. Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы қарым-қатынастың өзегіне айналған бұл маңызды құжат сындарлы әрі болашаққа бағдарланған байланысты бекіте түседі. Президент Кошта мырза, өзара тиімді ынтымақтастықты ілгерілетуге белсене атсалыстыңыз. Сіз – Қазақстанның сенімді досы және әлемдік деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткерісіз. Сіздің парасатты басшылығыңыз бен берік ұстанымыңыз, сындарлы диалог жүргізуге ниет танытуыңыз Еуропадағы бірлікті нығайтуда және әлемдегі барша серіктестермен мазмұнды ынтымақтастықты дамытуда маңызды факторға айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы серіктестікті тереңдетуге Антониу Коштаның қосқан үлесін жоғары бағалады.
– Құрметті Президент мырза, Сізге І дәрежелі «Достық» орденін табыстау мен үшін зор мәртебе. Бұл жоғары награданы Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы берік достықтың жарқын белгісі, Сізге көрсетілген құрметіміз ретінде қабыл аласыз деп үміттенемін. Қазақстан мен ЕО арасындағы табысты серіктестіктің одан әрі дамып, достығымыздың беки беретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еуропалық Кеңес Президенті бұл марапатты Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы берік достық пен сан қырлы ынтымақтастықтың символы ретінде қабылдайтынын жеткізді.
– Бүгін көрсеткен құрметіңізге дән ризамын. Мұны сенім мен диалогты нығайтудың, тұрақтылықты, өркендеуді және ашықтықты қамтамасыз етуге ортақ ұмтылысымыздың көрінісі деп бағалаймын. Құрметті Президент мырза, халықтарымыз бен тұтас аймақтың игілігі үшін бірлескен жұмысты алдағы уақытта да белсенді түрде жалғастырамыз деп ойлаймын, – деді Антониу Кошта.