Хабар телеарнасы

АҚШ сыртқы саясатты түбегейлі өзгертті

Теңгенің нығаюына геосаяси тәуекелдердің төмендеуінен туған нарықтағы оң нәтижелер де себеп болуы мүмкін. Қазір Халықаралық саясаттағы басты тақырып - Владимир Путинмен әңгімесінен кейін Дональд Трамптың жасаған мәлімдемесі. Сарапшылар геосаяси жағдайда өзгеріс болуы мүмкін деп отыр. Егер АҚШ шегінетін болса, Еуропа өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша қадам жасауға мәжбүр болады. Ұзақ уақыт одақтас болған тараптар арасына неліктен сызат түсті?

Дональд Трамптың мәлімдеуінше, Украина өз жерін толығымен қайтара алмайды және НАТО-ға да қабылданбайды. АҚШ президенті ресми Киевтің ұстанымын елемей, болашақ бітім жөнінде Мәскеудің шарттарына біржақты көнген сыңай танытты. Бұл Украинаның да, еуропалық одақтастарының да шамына тиді. Олар болашақ келіссөздерге өз өкілдерін қосуды талап етті.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

-Біз егемен ел ретінде бізсіз қабылданған ешбір келісімдерді қабылдай алмаймыз. Менің ойымша, еуропалықтар да келіссөздерге қатысуы керек, өйткені біз Еуропаның бір бөлігіміз және міндетті түрде Еуроодаққа мүше боламыз.

Кая Каллас, ЕО сыртқы саясат басқармасының жетекшісі:

-Украина қарсыласуды шешсе, Еуропа оны қолдайды. Егер АҚШ одағымыздан шықса, әрине көмегіміз 20% азаяды. Бірақ оның өзінде, Украина егемендігі мен біртұтастығын қорғауды жалғастырады.

Еуропалық елдердің басшылары да Киевке қолдауын жалғастыратынын мәлімдеді. Жалпы ұзақ жылдар одақтасып келген АҚШ пен Еуроодақ арасына сызат түсті. Мұны АҚШ қорғаныс министрі Хегсеттің сөзінен байқауға болады.

Пит Хегсет, АҚШ қорғаныс министрі: 

-Еуропалық елдер құрылықтың қорғанысы үшін басты жауапкершілікті өз мойнына алуға тиіс. Бұл өз одақтастарының қауіпсіздігі үшін де жауапкершілікті білдіреді.

Жалпы ең алдымен Америка деген ұранды жиі қайталайтын Трамп елдің сыртқы саясатын түбегейлі өзгертті. Осыған дейін көрші елдерге шүйліккен АҚШ президенті мұхиттың арғы бетіндегі одақтастарымен де санаспайтынын білдірді.

Авторы: Бекболат Тұрмаханов