Украина президенті АҚШ-қа ресми сапармен барды
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа ресми сапармен барды. Астана уақытымен сағат кешкі тоғызда ол Трамппен кездесіп, Украинада пайдалы қазбаларды игеру бойынша келісімшартты талқылайды.
Еске сала кетсек, Зеленский АҚШ ұсынған осы келісімнің алғашқы нұсқасына қол қоюдан бас тартқан еді. Құжатта АҚШ тарапынан Украина қауіпсіздігіне берілетін кепілдіктер болған жоқ. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, жаңа нұсқасында да бұл туралы нақты айтылмайды. Тек 10-бабында «АҚШ үкіметі тұрақты бейбітшілік орнатуға қажетті қауіпсіздік кепілдіктерін алуға бағытталған Украинаның іс-қимылын қолдайды», - деп қысқа жазылған.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Қос тарапқа да өте маңызды келісімге қол қояйын деп отырмыз. Бұл бізге сол елге кіруге мүмкіндік береді. Онда көп адамымыз жұмыс істейді. Мұны қолдау деп айтуға болады. Менің ойымша, жер қыртысында сирек кездесетін металдар мен елімізге қажетті өзге заттарды өндіретін көп жұмысшымыз болса, бізбен ойнауға ешкім бата алмас.