Өзбекстанда «Орталық Азия — Еуропа Одағы» алғашқы саммиті өтеді

  • 146
  • 31.03.2025, 18:34

Сәуір айының 3 мен 4 аралығында Самарқан қаласында Орталық Азия мен Еуропалық Одақтың тұңғыш саммиті өтеді.

Келелі кеңеске Орталық Азия басшылары мен Еуропалық Одақ кеңесінің президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссияның жетекшісі Урсула фон дер Ляйен келеді,-деп жоспарланып отыр. 

Жиында Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақтың саяси экономикалық байланысын арттыру, Транскаспий халықаралық орта дәлізінің мүмкіндігін кеңейту мәселелері талқыланбақ.

«ОА плюс» жиындардың соңғы жылдары жиілеп кетуі таңғалатын жағдай емес. Аймақ табиғи ресурсқа бай, экономиканың қозғаушы күші, адами капиталға оң бетбұрыс бар. Әрине, алып державалардың аймаққа саяси ықпал жүргізу арқылы пайда көргісі келетіні жасырын емес. Алайда Орталық Азия елдерінің қазіргі саяси көзқарасы бір бағытқа тоғысқандай. Жұдырықша жұмылып, тиімді негізде ғана байланыс орнатуға мүдделі.

Саидмұхтар Саидқасымов, Орталық Азия халықаралық институты басшысының кеңесшісі:

- Әлемдік геосаясатта Орталық Азия елдерінің беделі өскенін байқап отырмыз. Екіншіден, біздің сыртқы саясаттағы экономикалық, сауда саттықтағы көкжиегімізді кеңейтіп, мүмкіндіктерімізді арттыруға жақсы себеп. Меніңше, бұндай форматтағы саммиттер Орталық Азия аймағы үшін өте қажет.

Кәрі құрлыққа жаңа ресурс көздері қажет. Ал Орталық Азия елдерінде керектің бәрі бар. Инвесторларға қолайлы бизнес климат жасалған. Самарқандағы саммитте энергетика, мұнай-газ, су үнемдеу, цифрлық ақпарат алмасу сияқты салалар күн тәртібіне шығарылады.             

Равшан Назаров, саясаттанушы:

- Бұл рете жоспарланып отырған кездесудің форматы өзгеше. Еуроодақтың нақты жоспары бар. Атап айтқанда еуроаймақ елдері Орталық Азияның көлік-логистикалық инфроқұрылымын дамытуға, тиісінше оған қосылуға мүдделі. Оның ішінде Еуропа Орта дәліздің әлеуетіне қызығушылық білдіріп отыр.

Орталық Азия мен Еуропалық Одақ саммиті былтыр өтуі керекті. Алайда Еуропарламенттегі салайлауға байланысты келелі кеңес биылға шегерілді. 

Сарапшылар Самарқандағы жиында қос құрлық үшін де маңызды шешімдер қабылданарына сеніммен қарайды.