Абу Дабиде Қазақстанның өндірістік әлеуеті таныстырылды

  • 175
  • 11.04.2025, 18:58

Абу Дабиде өткен дәстүрлі инвестициялық конгресте Қазақстанның өндірістік әлеуеті таныстырылды. Таяу Шығыс аймағындағы ауқымды форумға 180-нен астам мемлекеттің өкілі жиналды. Қазақстан делегациясын сыртқы сауда палатасы мен кәсіпкерлер тобы бастап барды. 

Рауан Мыңбай, тілші:

-Қазір әлемде инвестиция үшін күрес күшейіп жатыр. Жер-жерде ірі компаниялар бизнес кездесулер өткізіп, әлеуетті жобаларын ілгерілетуге көшкен. Бұл үрдіс тұрақты әрі үздіксіз дамуға жетелейді. 

Биыл 14-ші мәрте ұйымдастырылған AIM Congress 2 мыңнан қалталы кәсіпкердің басын қосты. Әлем экономикасындағы тұрақсыздық жайы терең қаузалып, инвестиция алмасу және оған қолайлы климат қалыптастыру төңірегінде ой өрбіді. 
 
Тарик Ахмед, «Clubs network» бизнес қауымдастығының төрағасы:

-АҚШ-тың Біріккен Араб Әмірліктері үшін бекіткен кедендік баж салығының мөлшері 10% шамасында болып отыр. Шығанақтағы басқа мемлекеттерде бұл көрсеткіш жоғары. Қор нарықтарындағы жағдай құбылып тұрса да,  инвесторлардың белсенділігі жоғары. Олар жаңа жобаларды қарастырып, өзге елдердегі мүмкіндікті саралап жатыр.

Конгресте таныстырылған қазақстандық инвест жобаның бірін Шымкент ферроқорытпа зауыты ұсынды. Кәсіпорын қазір шикізат өндіреді. Ірі инвестиция құйылып, тың технология тартылса, терең өңдеу өнеркәсібіне кірісуге ниетті. Жоба жүзеге асса, ферроқорытпа өнімдерін сырттан тасымалдаудың қажеті болмайды. 
 
Хондамир Юлдашев, зауыт басшысы:

-Біздің жоба өзіндік тұрғыда ерекше деп айтқым келеді. Осы арқылы мырыш қорытпаларының барлық желісін жасап шығарғымыз келеді. Импортты толық алмастырамыз. 

Көрмедегі қазақстандық стэнд кәсіпкерлер есебінен құрылды. Біздегі бизнес өкілдерінің бұл іс-шараға өзіндік ықылас танытып, белсенді қатысуы көп жайтты аңғартады. Инвестициялық конгресс аясында қазақ жерінің өндірістік әлеуетіне қызыққандар көп. Бір парасы сыртқы сауда палатасымен ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасасып, бірлескен жоспар құрды. 

Рауан Мыңбай