АҚШ-тың әлемдегі бүкіл елге бастаған сауда соғысы өршіп барады. Дүйсенбіде Азия, Еуропа және АҚШ қор нарықтарынын индекстері құлдырап кетті. Мұнай бағасы да соңғы төрт жылдағы ең төмен көрсеткішке түсті. Бұл сауда соғысының салдарынан әлемде экономикалық өсім бәсеңдеп, шикізатқа сұраныс азаяды деген қауіпке байланысты болып отыр. Дегенмен Дональд Трамп райынан қайтқысы келмейді.
Бүгін таңертең Азия қор нарықтарының индекстері сәл көтерілгенімен, бұрынғы көрсеткіштерінен әлдеқайда төмен. Әлемдегі тауарлардың көбісі осы құрлықта шығарылатындықтан, сауда соғысы оған ауыр тиетін түрі бар. Осыған байланысты Жапония экономика министрі бастайтын делегацияны Америкаға жіберетін болды. Дональд Трамп, АҚШ президенті:
-Жапония премьер-министрімен сөйлестім. Олар бізге келетін болды. Біз үшін елдеріңізді ашуыңызға тура келеді дедім. Өйткені біз Жапонияға бірде-бір автокөлік сатқан жоқпыз. Ал олар елімізде миллиондаған машина сатып жатыр. АҚШ қаржы министрі Скот Бессент Жапониядан бөлек келіссөздер жүргізуге 70 шақты мемлекет ниет білдіргенін хабарлады. Ал әлемдегі өзге алпауыт ел Қытай жауап шара қабылдап, АҚШ тауарларына тап сол мөлшерде 34% баж салығын енгізді. Бұған ренжіген Трамп осы шешімін өзгертпесе, тағы да 50% баж салығын қосатынын мәлімдеді. Сонда Қытай өнімдеріне салық 104% жетуі мүмкін. Дегенмен бұл Бейжіңді қорқытқан жоқ. Бүгін таңертең бұл елдің коммерция министрлігінің өкілі соңына дейін күресетінін жариялады. АҚШ-тың тағы да бір ірі сауда серіктесі Еуроодақ та ымыраға жетпесе, жауап шара қабылдауға дайын. Мына тізімде экономикасы ең дамыған елдер келтірілген. Олар арасындағы сауда соғысы бүкіл әлемді ауыр дағдарысқа тіреуі мүмкін. Дональд Трамп ондаған жылдар бойы қалыптасқан тәртіпті бір сәтте бұзғысы келіп отыр. Марош Шефкович, ЕО сауда комиссары:
-Шынымен, бұл бүкіл әлем үшін қара күн болды. АҚШ қор нарықтары құлдырағанын көрдік, бірақ Азия мен Еуропада да тап солай болды.
Әріптестерімнің көбісі мұны Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жаһандық сауда жүйесіндегі ең маңызды өзгеріс деп сипаттап отыр. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ тас-талқаны шыққан Батыс Еуропа мен Жапонияға өндірісін көтеруге көмектесу үшін өз аумағында тауарларын салықсыз кіргізуге рұқсат еткен. Кеңес Одағымен текетірескен Америка қырғи-қабақ соғысы кезінде де өз ықпалына аудару үшін талай елге сауда жеңілдіктерін берген еді. Жұмыс күші арзан болғандықтан, америкалық компаниялар өндірісін осы елдерге ауыстырды. Нәтижесінде АҚШ-та үлкен сауда дефициті қалыптасты. Мұны осы кестеден көруге болады. Жалпы АҚШ бастаған сауда соғысы көптеген елге зор зиян келтіретін түрі бар. Құны бойынша әлемде өндірілетін бүкіл тауарлардың шамамен 12% осы елде сатылады.
Авторы:Бекболат Тұрмаханов