Жасанды интеллект незігінде жасалған құрылғы қолданушылардың қауіпсіздігі мен еркін қозғалысын қамтамасыз етеді. Әдетте зағип жандар жолдағы кедергілерді таяқтың көмегімен анықтайды. Ал жаңа инновациялық көзілдірік қандай қызмет атқарады?
Бүгінгі дамыған заманда ғылыми тақырып табу оңай емес. Жаңалық ашуға ұмтылған жастар көп ізденіп, тәжірибе жинақтайды. Көбіне әлеуметтік мәселерге назар аударуға тура келеді.
Жанкелді Дәрменовтың ғылыми жетекшісі Әсел Кәрібжанованың айтуынша, бұл жобаны қолға алуға екі вагонның ортасында қысылып қалған зағип жанның оқиғасы түрткі болған.
Әсел Кәрібжанова, физика пәнінің мұғалімі:
- Әр проблеманың шешу жолдарын салыстыра келе біз шешіміміз неге тиімді екенін дәлелдеуге тырыстық. Соның әсерінен жаңағы көзілдірік ойлап шығарып, оған жаңағы бірнеше датчиктар дейді, ол қозғалыс датчигі, бөгетті анықтау датчиктарын орналастырып көрдік. Солардың ең тиімдісін алып шықтық деп ойлаймын
Жангелді Дәрменов бұған дейін де бірнеше жобаның авторы атанған. Ол жойылып кету қаупі төнген балық түрін өсіретін ферманың макетін жасап, экологиялық бағыттағы бастамаларға үлес қосты. Сондай-ақ ғарыштан ақпарат алатын жүйе бойынша да зерттеу жүргізіп келеді. Жас өнертапқыш жаһандық маңызы бар күрделі тақырыптарын кейінге ысырып, әлеуметтік мәселелерді инновациялық жолмен шешуге ден қойған.
Жанкелді Дәрменов Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы:
- Бұл көзілдірік көзі нашар көретін адамдарға қала ішінде өз бетінше жүріп-тұруына жағдай жасайды. Төмен және жоғарғы қашықтықты өлшейтін екі ультрадыбыстық датчик орнатылған. Құрылғы арнайы мобильді қосымшамен жұмыс істейді. Ол пайдаланушыға дауыс арқылы басқару, GPS-навигация, маршрут құру, сондай-ақ айналадағы жазулар мен маңдайшаларды оқуға мүмкіндік береді.
Көзілдірік компьютерлік көру функциясы бар камерамен жабдықталған. Камера анықтаған нысандарды жасанды интеллект талдап, мысалы, баспалдақ пен бағанды ажырата алады. Павлодарлық оқушы әзірлеген «ақылды көзілдірік» жобасы еліміздегі үздік әлеуметтік бастамалардың бірі ретінде танылды.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков