Бельгияда Жеңістің 80 жылдығына орай екінші дүниежүзілік соғыс кезінде осы елде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алды. Генк қаласында өткен іс-шараға Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінің қызметкерлері, еліміздің Қорғаныс министрлігі мен БАҚ өкілдері қатысып, кеңестік сарбаздардың зиратына гүл қойды. Онда қазақстандық қос жауынгер Нұрадин Бисенов пен Тоғайбай Уәлиев жерленген. Олар 1944 жылы көктемде Бельгияда қаза тапқан.
Алмас Нұрғалиев, НАТО штаб-пәтеріндегі ҚР қорғаныс министрлігі әскери өкілінің орынбасары:
-Бельгияда сол қан майданда қаза тапқан 10 қазақстандық сарбаз жерленген. Біз олардың есімдерін, туған туыстарын анықтау жұмыстарын жалғастыра береміз. Бұл тарих алдындағы, болашақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Әлемде соғыс қайталанбасын деп тілейміз. Біз әскери дипломаттар ретінде осындай қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшін бар күш-жігерімізді салып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында аянбай қызмет етудеміз.