Әлем Ыстанбұлдағы келіссөздерге назар аударып отыр. Төрт елдің өкілдері қандай пайымға келетіні маңызды. Қазір бізбен тікелей байланысқа Ыстанбұлдан меншікті тілшіміз Меруерт Қанағат қосылып тұр. Меруерт, Жерорта теңізі жағалауындағы бітімгершілікке бағытталған жиын қалай өтіп жатыр?
Меруерт Қанағат, тілші:
Қайырлы кеш, Сағыныш! Біз қазір Ыстанбұлдағы тарихи Долмабахче сарайының алдында тұрмыз. Таң сәріден бері мұнда жүздеген әлемдік ақпарат құралдарының өкілдері күтіп жүр. Украина президенті Владимир Зеленский өзінің делегациясын Анкарада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен өтетін келіссөздерден кейін ғана Ыстанбұлға жіберетінін мәлімдеді. Ресей мен АҚШ делегациялары Ыстанбұлда. Зеленский Ресейлік әріптесіне «Мен осындамын» деп қысқа әрі нақты хабарлама жіберіп, келіссөзге дайын екенін тағы бір рет білдірді. АҚШ тарапынан президент Дональд Трамп бұл келіссөздерді мұқият бақылап отырғанын жеткізді. Алайда екі ел басшысы Владимир Путин мен Дональд Трамп келіссөзге тікелей қатыспайтын болды.
Хасан Басри Акдемир, сарапшы:
-Анкарада Украина президенті Зеленский мен Түркия көшбасшысы Ердоған кездесу өткізіп, саяси шешімдерге жол ашуы мүмкін. Бұл келіссөздерден кейін Ыстамбұлда атысты тоқтату бойынша техникалық қадамдар күтілуде. Кешкі уақытта дипломатиялық байланыстар күшейіп, Ердоған мен Путин тікелей сөйлесуі ықтимал. Түркиядағы келіссөздерге жаһан назар аударып отыр — Қазақстан, Ресей, Украина, АҚШ және Еуропа өкілдері осында. Себебі бұл қақтығыстың тағдыры шешілетін, бейбітшілікке бастайтын сәт болуы мүмкін.
Бүгін Түркия үшін де маңызды күн — бұл ел келіссөздер алаңын ұсынып, бейбіт шешімге жол ашуға тырысып отыр. Ыстамбұлдағы кездесу жаһандық тұрақтылық үшін шешуші кезең болуы мүмкін. Біз оқиғаның өрбуін бақылап, соңғы жаңалықтарды жеткізуді жалғастырамыз.