АҚШ астанасында Израиль елшілігінің екі қызметкері оққа ұшты. Оқыс оқиға Вашингтондағы Еврей музейінің кіре берісінде сағат 21:00 шамасында болған. Чикаго қаласының Елиас Родригес есімді 30 жастағы тұрғыны музей алдында біраз уақыт торуылдап, Израиль азаматтары ғимарат есігінен шыға бергенде оларға оқ жаудырған. Әзірге қылмыстың себептері ашық жарияланбады. Синагогалар мен еврей қауымдастығына қарасты ұйымдарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Пэм Бонди, АҚШ Бас прокуроры:
- Мен Президент Дональд Трамппен бірнеше рет телефон арқылы сөйлестім. Ол қайғыларыңызға ортақ екенін жеткізді. Мемлекеттік, жергілікті және федералды құзырлы органдар, білікті прокурор Джанин Пиро мәселені толықтай бақылауына алады. Барша азаматтарымыздың амандығы үшін, әсіресе бүгін түнде еврей қауымының қауіпсіздігі үшін қолдан келгенін жасаймыз.