АҚШ Президентінің әкімшілігі Гарвард университетіне шетел студенттерін қабылдауға тыйым салды. Ішкі қауіпсіздік министрінің мәлімдеуінше, оқу орны аумағында еврей студенттеріне шабуыл жасалған. Министрлік мәлімдемесінде «Гарвард енді шетел студенттерін қабылдамайды, оқып жатқан шетелдіктер өзге оқу орындарына ауысуы тиіс немесе елде тұру құқынан айырылады» - делінген. 1636 жылы құрылған университет әлемдегі ежелгі әрі беделді жоғары оқу орындарының бірі. 150-ден аса Нобель сыйлығынын иегері, АҚШ-тың 8 Президенті және көптеген атақты ғалым, кәсіпкерлер осы университеттің түлегі. Қазір Гарвардта әлемнің 150-ден аса елінен 6 800-дей шетел студенті білім алады. Олардың қатарында 7 қазақстандық студент «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатыр. Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаев Гарвардта өзге бағдарламалар немесе өз қаражатына оқып жатқан студенттер туралы ақпарат жоғын мәлімдеді.