Араб елдерінде мұнай-газ өндірісі артып келеді

  • 35
  • 22.05.2025, 18:52

Араб елдерінде мұнай-газ өндірісі артып келеді. Сауд Арабиясы мен әмірліктер ғана емес, Оман сияқты «ОПЕК+» санатына енетін мемлекеттер әлемдік қара алтын нарығындағы үлесін ұлғайтуға ниетті. Оман сұйытылған газ экспортына айрықша ден қоя бастады және оның мөлшерін 15 млн тоннаға жеткізу жолын қарастырып жатыр.

Алтынбек Шонашев мұндағы халықаралық компанияда 4 жылдан бері қызмет етеді. Мұнай кеніштерін ұңғылау ісін жетік меңгерген ол сұранысқа сай маман болып отыр. Атырауда және Дубайда еңбек еткен. Енді омандық әріптестерімен кен орындарын тиімді игеруді бастап кетті. 

Алтынбек Шонашев, операциялық супервайзер:

- Операциялық супервайзер болып жұмыс істеймін. 4 «буровой» қондырғының  операциялық жұмысына жауаптымын. Бүкіл жағдайды қадағалап отырамын.

Қазақстандық инженердің айтуынша, әлемдік қара алтын нарығы операциялық шығындарды азайтуға түбегейлі бет бұрған. Бұл ретте алдымен цифрландыруға айрықша мән беріледі. Мұнай қорын анықтайтын жүйе, ұңғыма қазатын қондырғы және басқа да керек-жарақтар жұмысы AI технологиясына негізделмесе, өнімділік төмендей береді. Бұған дейін Қазақстанда қызмет еткен Марин Кочеич біздегі мұнай өндірісінде жергілікті қызмет көрсетуші компаниялар аз екенін айтады. Оманда да осыған ұқсас жағдай. Көбі шетелден келеді. Билік олқылықтың орнын толтыруға көшкен.

Марин Кочеич, мұнайшы:

- Сөзсіз, мұнай мен газ нарығы пайда көлемі жағынан қашанда көш ілгері болады. Бұл салада әлі «жасыл» жобаларды көптеп жүзеге асыру ІТ мамандарға қажеттілікті арттыратын болады. Мұндай өзгерісті білікті кадрларсыз елестету қиын. Қара алтын өндірісіндегі компаниялар осы үрдісті жақсы түсінді. Әсіресе жасанды зердеге басымдық беруде.

Жаһандық мұнай мен газ саласында баға кейінгі кезде жиі құбылып тұрғанымен өндіріс пен тұтыну деңгейінде тұрақтылық бар. «Оның пайдасын еселеуге «жасыл» технология мен жасанды зерде жобалары көмектеседі. Сәйкесінше бұл бағытқа инвестиция құюдың тиімділігі орасан», - дейді мамандар.

Рауан Мыңбай