Оның ошағы 68 шақырым тереңдікте орналасқан. Жерасты дүмпулері сондай-ақ Грекияда сезілген. Табиғи апаттан Түркияда бір адам қаза болды. Ондаған тұрғын жарақат алды.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Зілзала Түркияның Измир және Мұғла аймақтарында тіркелді. Төтенше жағдайлар басқармасының таратқан мәліметке сүйенсек, 5,8 балл шамасында түнгі сағат 02:17-де болған. Табиғат апатының эпицентрі Жерорта теңізінде, 68 шақырым тереңдікте анықталды. Жер сілкінісі әсіресе Мұғлаға қарасты Мармарис қаласынан 10 шақырым жерде қатты сезілді. Бұл біз білетін курорттық аймақтар. Үрейленген жұрт өткен түнді далада өткізді. Бір адам қаза болды. Тағы 70-ге жуық тұрғын түрлі деңгейде жарақат алған.
Идрис Акбыйық, Мұғла провинциясының губернаторы:
- Жер сілкінісінен осы уақытқа дейін 69 азаматымыз зардап шекті. Олардың ішінде 10 адам жедел жәрдеммен, 45 адам өздігінен келіп, барлығы 55 азамат медициналық мекемелерге жүгінді. 14 азамат ауруханаға жатқызудан бас тартып, оқиға орнында ем қабылдады. 1 науқас ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта 46 адамның шұғыл бөлімдерде тексерілуі мен емделуі жалғасуда. 8 адам емделіп, үйлеріне жіберілді. Фетхие ауданында жер сілкінісінен кейін үрей ұстамасына ұшырап, ауруханаға жеткізілген 14 жастағы баланы аман алып қалу мүмкін болмады.
- Су, электр және газ жүйелері бұзылмаған. Құтқару қызметі аймақты тексеруді жалғастырып жатыр. Зардап шеккен аймақтарда шығын көлемі нақтылануда. Түркия президентінің әкімшілігі қажет болған жағдайда қосымша көмек көрсетілетінін айтты.