Израиль мен Иран арасындағы текетірес ушығып барады

  • 124
  • 13.06.2025, 18:45

Таяу Шығыстағы жағдай одан әрі ушықты. Израильдің әскери ұшақтары түнде Иранға жойқын шабуыл жасады. Тегеран да дереу жауап беріп, бір жүзден аса дронмен атты. Аймақта жаңа соғыс қаупі төніп тұр. 

Израиль әскери өкілдерінің мәлімдеуінше, 200-ден аса жойғыш ұшақ жүзден аса нысанға соққы жасады. Арасында уранды байытатын Натанзадағы кешен, баллистикалық зымырандарды шығаратын кәсіпорындар және Ислам революция сақшылары корпусының штаб-пәтері болған. Корпус қолбасшысы Хоссейн Салами және атом саласындағы екі ғалым қаза болды. Биньямин Нетаньяху Иранды: «Ядролық қару жасау мүмкіндігінен айыруға бағытталған осы операция ұзаққа жалғасуы мүмкін», - деді. 

- Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-министрі:

- Ондаған жылдар бойы Иран билігі Израильді жоюға ашық шақырған. Соңғы жылдары 9 атом бомбасын істеуге жететін жоғары байытылған уран өндірді. Ал соңғы айларда осыдан бұрын ешқашан бармаған шара жасады. Осы байытылған уранды қаруға айналдыруға тырысып жатыр. Тоқтатпасақ, Иран өте қысқамерзімде ядролық қару шығара алады. 

Израиль билігі елде төтенше жағдай жариялады. Халықты бомбадан паналайтын орындардан алыстамауға шақырып, әуе кеңістігін жауып тастады. Жұрт дүкендерге ұмтылып, азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттармен қамдана бастады. Иран да жауабын ұзақ күттірген жоқ. Ел басшысы Аятолла Хаменеи зілді мәлімдеме жасады. Оны мемлекеттік телеарнаның жүргізушісі жариялады.

Cионистік билік тұрғын үйлерге соққылар жасап, өз зұлымдығын көрсетті. Дұшпанның шабуылдарынан бірнеше қолбасшымыз бен ғалымдарымыз қаза болды. Олардың қызметін орынбасарлары мен әріптестері дереу жалғастырады. Сионистік режим міндетті түрде бұл қылмысының азабын көреді. Қарулы күштеріміздің алып күші жазасын тартады. 

Иран Израиль аумағын бір жүзден аса дронмен атқылады. ЦАХАЛ өкілдерінің мәлімдеуінше, олардың барлығын қағып түсірген. Израиль ұшақтары бүгін де соққыларын жалғастырды. Шираздағы зымыран жасайтын зауыт, Тебриздегі әуежай және өзге де әскери нысандарды атқылады. Израиль әскерінің баспасөз қызметі Иранның әуе кеңістігін өз бақылауына алғанын хабарлады.

Бекболат Тұрмаханов