Ресей, Қытай және Пәкістан БҰҰ-да АҚШ-тың Иранға шабуылын айыптайтын қарар ұсынды

  • 37
  • 23.06.2025, 18:47

АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы бергеннен кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі шұғыл жиын өткізді. Ресей, Қытай және Пәкістан бірлесіп осы шабуылды айыптайтын қарар жобасын ұсынды. Құжатта атысты дереу тоқтатып, ядролық мәселені дипломатия жолмен шешуге шақырады. Оны бүгін дауысқа салуы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының мәлімдеуінше, АҚШ шабуылы онсыз да қиын жағдайда тұрған өңірдегі ахуалды одан әрі ушықтырды. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

- Әскери қимылды тоқтатып, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша тұрақты келіссөздерді қайта бастау үшін шұғыл шара қабылдауымыз қажет. Біріккен Ұлттар Ұйымы шиеленісті бейбіт реттеуге арналған барлық әрекетті қолдауға дайын. 

АҚШ шабуылынан кейін мұнай бағасы өсті. Өйткені Иран парламенті Ормуз бұғазын жабуды ұйғарды. Енді бұл шешімді Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі бекітуі қажет. Ормұз бұғазы арқылы бүкіл әлемде өндірілетін мұнайдың 20 проценті тасымалданады. Сондай-ақ Азия қоры нарықтарының индекстері төмендеді. Аймақтағы елдердің көбі Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай импортына тәуелді.