Таяу Шығыстағы ахуал құбылып тұр

  • 34
  • 24.06.2025, 18:36

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иранның бітімге келгенін жариялады. Көп ұзамай жауласқан қос тарап әскери қимылдарын доғаруға келісті. Алайда бірнеше сағат бұрын Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Иран бітімді бұзды деп Тегеранға жойқын соққы жасауға бұйрық берді. Ал Иран бітім жарияланғаннан кейін зымыран атқан жоқпыз, - деп отыр. 

АҚШ ұшақтары Ирандағы ядролық кешендерді бомбалағаннан кейін көбісі жағдайдың ушығуын күткен. Трамп шабуылына жауап қайтарса, Иранға жойқын соққы жасайтынын мәлімдеген еді. Кеше Иран Катардағы америкалық әскери базаны зымырандармен атқылады. Дегенмен АҚШ президенті ешқандай әрекетке барған жоқ. Тіпті Тегеран өз шабуылы жөнінде алдын ала ескерткенін айтып, базадағы азаматтарымызға зияны болған жоқ, - деді. Бұл сөздері рас болса, Иран билігі жағдайды асқындырғысы келмейтінін көрсетті. АҚШ президенті де осыны аңғарған сияқты.

Рейтерс агенттігінің хабарлауынша, Трамп телефон арқылы Катар әмірімен сөйлесіп, Израильдің атысты тоқтатуға келіскенін жеткізді. Иранды да осыған көндірген көрінеді.

Эффи Дефрин, Израиль әскерінің ресми өкілі:

- Саяси басшылығымыздың бұйрығымен атысты тоқтату тәртібі таңертең күшіне енді. Осы кезде әскеріміз алдына қойылған барлық мақсаттарына жетті деуге болады. Бас штаб басшысы ЦАХАЛ-ға атысты тоқтату тәртібі бұзылса, жойқын жауап беруге дайын болуды тапсырды.

Сарапшылардың пікірінше, Украина мен Газадағы жанжалдарды реттей алмаған Трамп осы соғысты тоқтатып, беделін көтергісі келеді. Сондықтан Нетаньяхуды бітімге келісуге көндірді. Израиль премьер-министрі Иран осы ұсыныстан бас тартатынына үміт артқан секілді. Бірақ Тегеран да келісіп, мұны өз жеңісі ретінде көрсеткен. Мемлекеттік телеарнада жарияланған Ұлттық Қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесінен үзінді келтірсек.

АҚШ агрессиясына жауап ретінде Ислам революция сақшыларының корпусының зымыран шабуылы сәтті өтті. Бұл әрекет жауымыздың атысты тоқтатуға келісуіне мәжбүр етті. 

Дональд Трамп осы бітімді тарихи жетістік деп бағалады. «Бұл соғыс ондаған жылға созылып, бүкіл Таяу Шығысты күйретуі мүмкін еді», - деп жазды. Алайда бітім ұзаққа жалғасқан жоқ.

Осыдан бірнеше сағат бұрын Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Иран бітімді бұзды деп Тегеранға жойқын соққы жасауды бұйырды. Иран билік өкілдері: «Бітім жарияланғаннан кейін зымыран атқан жоқпыз», - дейді. Соңғы дерек бойынша Трамп екі тараптың да бітімді бұзғанын жариялады. Демек қақтығыс қайта жалғасуы мүмкін.

Дамир Шайдар, Бекболат Тұрмахан