Индонезияда екі қазақстандық өлім жазасына кесілуі мүмкін

  • 21
  • 26.06.2025, 18:39

Олар сәуір айында Бали аралында 49 грамм метамфетаминмен ұсталған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Джакартадағы Қазақстан елшілігінің дипломаттары тергеу органдары мен күдіктілердің туыстарымен байланыста отыр. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл істі бақылауға алғанын хабарлады. Жалпы Индонезия Оңтүстік-Шығыс Азиядағы есірткі саудасының ірі орталығы. Халықаралық қылмыстық топтарды бұл елдің жас буыны қызықтырады. 280 миллионнан аса халқы бар Индонезияда тұрғындардың 62% 30 жастан кіші. Сәуір айында басталған есірткіге қарсы жалпыұлттық операция барысында жарты тоннадан аса түрлі есірткі тәркіленіп, 285 адам ұсталды. Жетеуі шетелдік. Қазақстандықтармен қатар екі малайзиялық, АҚШ, Австралия және Үндістанның азаматтары қолды болды. 

Әлібек Бақаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

-Индонезия тарапы қандай да бір шешімге келген бетте алған ақпаратпен бөлісеміз. Біз елшілік, консулдарымыз өз тарапымыздан жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл азаматтармен хабарластыңыздар ма деп сұрадыңыздар. Егер үшінші елдің азаматтары қамауға алынған жағдайда сол елдің билігі елшілікті азаматтары ұсталғандығы жайында хабардар етеді. Яғни консулымыз байланысып отыр. Қазақстан 2014 жылдан бері Индонезия тарапына өзара құқықтық көмек беру туралы құжатқа қол қою жайында ұсыныс жеткізген. Алайда бүгінге дейін Индонезия тарапымен ондай келісім орнатылмаған. Енді бұл процесс жеделдетіледі деп ойлаймыз.