АҚШ әкімшілігі Иранның ядролық бағдарламасы жөнінде келіссөзді қайта бастауға ниетті.
Дональд Трамп ол келесі аптада басталатынын мәлімдеді. Қысым мен ынталандыруды қатар қолдану саясатына сәйкес Тегеранды ақшамен қызықтырмақ. Уранды байытпай, бейбіт атом энергетикасын дамытуға 30 млрд доллар инвестиция ұсынды. Бірақ Трамп АҚШ ақшасын жұмсамай, Парсы шығанағындағы бай араб мемлекеттерін қаржыландыруға көндіруді көздеп отыр.
Сондай-ақ санкциялардың бір бөлігін алып тастау және АҚШ есепшоттарында бұғатталған ирандық 6 млрд долларды қайтару қарастырылып отыр. Алайда Иран сыртқы істер министрі келіссөз қайта басталатынын теріске шығарды.
Аббас Аракчи, Иран сыртқы істер министрі:
- Қазіргі тұста келіссөзді қайта бастау туралы ешқандай мәміле жоқ. Анық айтамын, ешқандай уәде берген жоқпыз, тіпті келіссөзді қайта бастау туралы әңгіме де болған жоқ. Бірақ иран халқының мүдделеріне не сай болатынын өзара қарастырып жатқанымыз – бұл мүлде басқа әңгіме.