Израиль Сыртқы істер министрлігі Ұлыбританияның Палестина мемлекетін мойындау туралы мәлімдемесіне қарсылық білдірді. Олар мұны ХАМАС ұйымын қолдаумен тең дейді.
Айта кетейік, бұл Палестинаның мемлектеттігін алдымен Франция мойындаған еді. Іле-шала Лондон да өз ұстанымын білдірді.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Палестинаны батыс елдері толыққанды мемлекет ретінде әлі мойындамағаны белгілі. Ұлыбритания бұл олқылықтың орнын толтырмақ – егер Израиль қыркүйекте өтетін Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясына дейін соғысты тоқтатпаса. Еврейлер Тұманды Альбион мен оның одақтастары ұсынған сегіз тармақтан тұратын бейбіт жоспарды қабылдауы қажет.
Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:
- Басты шарт – Израиль Газа секторындағы жағдайды тұрақтандыру үшін нақты қадамдар жасауы керек. Яғни, атысты тоқтату, Батыс жағалауды аннексиялау идеясынан бас тарту және бейбіт келіссөздерді бастап кету.
Израиль Сыртқы істер министрлігі: «Палестинаны мойындау ХАМАС-қа құшақ жаюмен тең және бұл – Газадағы атысты тоқтату мен тұтқындарды босату бойынша бастамаларға кері әсерін тигізеді», - деп пайымдады. Кир Стармер өз мәлімдемесіне дейін Израиль премьер-министрінің алдынан өткен. Биньямин Нетаньяху әлеуметтік желіде әріптесін «ХАМАС-тың лаңкестік әрекеттерін» қолдады деп айыптады.
Ұлыбритания үкіметі өз кезегінде ХАМАС-қа қатысты талаптарын тағы қайталады: ұйым барлық тұтқындарды дереу босатып, қарудан бас тартуы тиіс, атысты тоқтату келісіміне қол қойып, Газа секторын басқару ісіне араласпауы қажет. Тұманды Альбион ұсынған жол картасы Германия канцлері және Франция президентімен бірге жасалған ұзақ мерзімді бейбітшілік бастамасымен пара-пар.
Жан-Ноэль Барро, Франция сыртқы істер министрі:
- Мен бұл мәлімдемені құптаймын. Франция, Ұлыбритания және Нью-Йоркте бас қосқан халықаралық қауымдастықтың бірлескен әрекеті зорлық-зомбылық пен соғысқа нүкте қоюы тиіс.
Сауалнамаға сәйкес Палестинаны мемлекет ретінде мойындау керектігін қолдайтын британиялықтардың саны қарсыларға қарағанда үш есе көп. Бұдан бөлек, Израильдің Газа секторындағы әрекеттерін үкімет қатаң сынауы тиіс деп есептейтіндердің саны шамамен бес есеге артық. Ұлыбритания 1917 жылы еврей мемлекетін құру идеясын бірінші болып қолдаған ел. Бұл жолы да ол Израиль мен Палестинаның тағдырын шешуге келгенде асқан жауапкершілікпен қарап, бейбітшілікке үлес қосқысы келеді.
Ғалымжан Қараманұлы