Тоқаевтың АҚШ-қа сапары әлемдік БАҚ-та кеңінен талқыланып жатыр

  • 10
  • 07.11.2025, 19:35

Әлемнің жетекші журналистері Вашингтондағы кездесулерді қалай бағалап, қандай маңызды тұстарына тоқталды? 

REUTERS
Шетелдік ірі ақпарат құралдары Қазақстанның «Авраам келісімдеріне» қосылу ниетіне ерекше назар аударып жатыр. Мәселен, Ұлыбританияның жетекші ақпарат агенттігі Reuters бұл қадамды Қазақстанның сыртқы саяси бағыты үшін маңызды шешім ретінде сипаттады. АҚШ-тың дипломатиялық әрекеттері Израильдің араб және мұсылман елдерімен ынтымақтастығын кеңейтуді мақсат етеді. Алғашқы келісімдер Дональд Трамптың президенттігінің бастапқы кезеңінде жасалған. Басылым авторларының жазуынша, Қазақстан төрт жылдық үзілістен кейін келісімдерге қосылған алғашқы мемлекет. Бұл шешім Израильдің Газа секторындағы әскери операциялары жалғасып жатқан кезеңде қабылданды.

AP NEWS
Associated Press агенттігі Орталық Азияны сирек металдарға бай өңір ретінде сипаттайды. Басылымның жазуынша, бұл салада Вашингтон үшін ең маңызды серіктестердің бірі Қазақстан. Ел уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орында тұр. Жаһандық өндірістің 40% астамы Қазақстанға тиесілі. Агенттік сарапшылары өңірдегі ресурстардың әлеуеті жоғары екенін айта отырып, оларды толық игеру үшін аймаққа ірі көлемдегі инвестиция қажет екенін атап өтті.

THE WASHINGTON POST 
АҚШ пен Қазақстан арасындағы серіктестік тек сауда саласымен шектелмейді. Келіссөздер барысында технология және жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастық та талқыланды. Бұл жөнінде The Washington Post өз мақаласында жазды. Автордың айтуынша, осы саладағы бірлескен жобалар Қазақстанның Орталық Азиядағы халықаралық цифрлық хабқа айналуына мүмкіндік береді. Басылым бұл үрдістің айқын дәлелі әлемдегі жетекші чип өндіруші Nvidia компаниясымен меморандумның қабылдануында деп атап өтеді.