Шымкенттік оқушылар Парижде өткен iGEM 2025 халықаралық ғылыми байқаудан күміс жүлдемен оралды. Зияткерлік мектептің жас ғалымдары косметикалық өнімдердің қауіпсіздігін анықтауға арналған тың жоба ұсынып, протативті биосенсорды таныстырған.
Халықаралық байқаудан күміс жүлдемен оралған жас зерттеушілерді қатарластары ерекше ықыласпен қарсы алды. Ғылыми жетістіктерімен ел мерейін асырған оқушылар мектеп ұжымының мақтанышына айналды. Олар таныстырған биотехнологиялық жоба косметикалық өнімдердің қауіпсіздігін анықтауға мүмкіндік береді.
Ұлдана Рахиева, Қаратау аудандық НЗМ оқушысы:
- Жақсы қорғап шықтық. Қазылар алқасынан жақсы фидбэк алдық. Басқа командалармен де ақпарат алмастық. Өзімізге деген сеніміміз артты. Теориялық жағынан толық дәлелденген және практикалық жағынан біз Астанада Ұлттық биотехнологиялық орталықта бастамасын жасадық.
Үздік өрендердің озық жобасы өзге оқушыларға үлгі болды. Ізбасар толқын жасанды интеллектіге негізделген «автоматтандырылған стетоскоп» ойлап тапты. Науқастың жүрек дүрсіліне жасалған талдау диагнозды дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Кәмила Кемелбек, Қаратау аудандық НЗМ оқушысы:
- Біздің жасанды интеллектіміз интернеттегі ашық 50 мыңнан астам аудио жазбалардан жасалған. Ол арқылы біз өте нақты диагноз шығара аламыз. Сондай-ақ жасанды интеллектімен қоса әр пациенттің жынысы, жасы секілді параметрлерді ескереміз.
Жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысы биотехнологияның зор жетістігі деп бағаланды. Енді жоба жетекшісі өнімді патенттеп, өндіріске енгізуге дайындамақ. Айтуынша, мұндай ғылыми байқаулар оқушылардың білім көкжиегін кеңейтіп, алға жетелейді.
Жанна Өтебаева, жоба жетекшісі:
- Жалпы бұл өте үлкен тәжірибе. Оқушылар ең бірінші өздері тақырып таңдайды. Оның қаншалықты актуалды екенін анықтайды және оның қандай пайда алып келетінін. Оқушылардың шетелдегі көптеген беделді университеттерге жолдама, гранттар алуына көп септігін тигізеді.
Биыл Парижде өткен байқауға 60-тан астам елден 400-ге жуық команда қатысқан. Университеттер пен аспиранттық деңгейдегі зертханалық жобалар да ұсынылған. Сондықтан сала мамандары: «Оқушылардың жетістігі отандық биотехнологияның жоғары әлеуетін көрсетеді»,- дейді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов