Мадуро өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды – әлем жаңалықтары

  • 136
  • 06.01.2026, 18:46

Венесуэла президенті өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Бүгінгі сот отырысында тек іс жүргізу кестесі бекітілді.  Ал Швейцария Мадуроның активтерін бұғаттады.

БҰҰ бейбіт келісімге шақырды

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі шұғыл жиын өткізді. Басқосу Колумбияның бастамасымен және Ресей және Қытайтың қолдауымен ұйымдастырылды. Көп ел АҚШ-тың әрекетін халықаралық заңбұзушылық деп атап, қатаң сынға алды. Ұйымның Бас хатшысы Антонио Гутерриш тараптарды бейбіт келісімге шақырды. АҚШ өкілі Майкл Уолтцтың айтуынша бұл операция Венесуэла халқына қарсы соғыс емес. 

Қарулы күштердің мобилизациясы бастады

Венесуэла билігі АҚШ-тың әскери операциясынан кейін елде қарулы күштерді жұмылдыру шараларын бастады. Аймақтағы стратегиялық маңызды нысандарда, мұнай мен өзге де өндірістік орындарда әскери режим жарияланды. Мемлекеттік шекарадағы күзет күшейтілді.

Сот отырысы өтті

Нью-Йоркта Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флореске қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Екеуі де өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Мадуро мен әлі де Венесуэла президентімін, қазір әскери тұтқындамын деді. Оған есірткі саудасына қатысты төрт бап бойынша, ал әйелі Флореске тыйым салынған заттарды елге кіргізіп, заңсыз қару-жарақ сақтады деген айып тағылып отыр. Келесі сот отырысы наурыздың 17-сіне белгіленді. 

Уақытша президент ант қабылдады

Венесуэлада уақытша президент ресми түрде қызметіне кірісті. Делси Родригес Ұлттық ассамблея алдында ант қабылдады. Ресми рәсімді парламент төрағасы Хорхе Родригес өткізді. Бұған дейін Делси Родригес Венесуэла вице-президенті және мұнай өнеркәсібі министрлігін басқарған. АҚШ Президенті Трамптың айтуына қарағанда, Делси Родригес Вашингтонмен қарым-қатынас орната бастады. Сондай-ақ, ол Николас Мадуроға қарсы әскери операцияға дейін онымен жасырын келісім жасады дегенді жоққа шығарды. 

Мадуроның активтері бұғатталды

Швейцария Николас Мадуро және онымен байланысы бар тұлғалардың активтерін бұғаттады. Швейцария аумағындағы барлық қаржы шоттары уақытша тоқтатылды. Бұл қадам 2018 жылдан бері Венесуэлаға қарсы қолданылып келе жатқан, санкциялар аясында жүзеге асты. Сот процестерінде қаржының заңсыз алынғаны анықталса, қайтарылған сома Венесуэла халқының игілігіне жұмсалады.

Автор: Арайлым Мәлкенова.