Қазақстан Таяу Шығыс елдерінен өз азаматтарын елге қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық миссиялардың көмегімен 9517 қазақстандық Отанға аман-есен оралды. Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Сауд Арабиясынан қазақстандықтарды эвакуациялау жалғасуда. Ал Бахрейн, Израиль, Иордания, Иран, Кувейт, Ливан және Оманнан азаматтарды шығару жұмыстары аяқталуға жақын. Туған елге табан тіреген жолаушылар бірнеше күнгі алаңдаушылықтан кейін елге оралудың өзі қуаныш болғанын жасырмады. Сондай-ақ олар елшілік тарапынан эвакуациялау жұмыстарының нақты әрі үйлесімді ұйымдастырылғанын атап өтті. Айта кетейік, өңірдегі қазақстандық дипломаттар азаматтармен тұрақты байланыста. Олар жергілікті жерде іс-қимылдарды үйлестіріп, отандастарына көмек көрсетіп, елге оралуын күтіп отырған азаматтарға қажетті қолдау білдіріп жатыр.