Бұл туралы брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді. Жақында 24 жастағы Қазақстан азаматының жоғалып кеткені туралы ақпарат шыққан болатын. Әлеуметтік желіде тараған хабарламаларға сәйкес, ол АҚШ-тың Иллинойс штатында тұрған. Әсет Құралбай соңғы рет 2 маусымда байланысқа шығыпты. Ал 7 маусымнан бастап телефоны сөндірулі. Құжаттары мен банк карталары үйде қалған. 10 маусымда полиция оның Toyota Camry көлігін тауыпты. Қазақстан тарапы бұл істі бақылауға алып, АҚШ құқық қорғау органдарымен байланыс орнатқан.
Ерлан Жетібаев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Соңғы ақпаратты брифингтің алдында алған болатынбыз. Қазіргі уақытта америкалық тарап қажетті рәсімдерді өткізуде. Қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен және азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста. Қосымша ақпарат ресми деректер келіп түскеніне орай ұсынылатын болады.