Абай мұрасы АҚШ Конгресі кітапханасының қорын толықтырды

  • 6
  • 10.08.2026, 19:56

АҚШ Конгресі кітапханасына Абайдың қара сөздері негізінде әзірленген ағылшын тіліндегі жаңа басылым сыйға берілді. Кітапты Вашингтондағы Қазақстан елшісі Мағжан Ілиясов табыстады. «Ұрпаққа ұлағат» деп аталатын еңбек Абай ойларын жас оқырманға графикалық кескіндемелермен жеткізеді. Авторы - Гүлмира Амандықова. Басылым қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарық көріп, 12 тілге аударылған. Осыдан 66 жыл бұрын  қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов те Вашингтонға сапары кезінде осы кітапханаға өз шығармаларын ұсынған еді. Айта кетейік, АҚШ Конгресі кітапханасы - әлемдегі ең ірі кітап қорларының бірі. Мұнда миллиондаған кітаппен қатар түрлі карта, қолжазба, фото, дыбыс және бейне жазбалардың бай қоры сақтаулы. Қазір онда Абай шығармаларының қырыққа жуық басылымы мен ақын мұрасына арналған үш жүздей кітап бар.