Қытай атом электр станцияларының санын көбейтіп жатыр. Бұл елдегі энергияға сұраныстың артуымен байланысты. Көрші мемлекетте ядролық реакторлардың саны қазір 112-ге жетті. Осы айда тағы бір АЭС-ті іске қосып, қуаты мен көлемі жағынан әлем бойынша алдыңғы қатарға шықты.
Қытай билігі АЭС-тердің санын сенімді түрде көбейте бастады. Тіпті халқы тығыз орналасқан аймақ пен қалалардың ішіне де тұрғызып жатыр. Оған энергияға сұраныстың жылдан жылға артуы себеп. Осы айда Хайнань провинциясында тағы екі атом энергоблогын іске қосты. Жаңа ядролық нысанда Қытайдың өздері жасап шығарған Хуалун-1 технологиясы қолданылады. Оның ерекшелігі су реакторымен жұмыс істейді. Тың тәсіл тиімділік пен қауіпсіздікті арттырған.
Ли Вэнь, «Хайнань Чанцзян атом энергетикасы» компаниясы директорының орынбасары:
- Жоба аясында 86 технологиялық жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Осының арқасында елдегі атом энергиясын өндіру тиімділігі 98 пайыздан асты. Үш деңгейлі қауіпсіздік жүйесі қарастырылған. Апат болған жағдайда реактор өзегіндегі қалдық жылуды тартып, сейілте алады. Сонымен қатар 2400 тонна су сақталып тұрады. Бұл қосымша салқындатқыштың рөлін атқарады. Сыртқы қуат көзінсіз-ақ 72 сағатқа дейін қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады.
Мамандардың айтуынша Хайнаньдағы бір ғана атом электр станциясы 6 миллион тоннадан астам көмір үнемдеп, ауаға таралатын көмірқышқыл газын 12 миллион тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде бүкіл Қытайдағы электр энергияның 5 пайызы осы АЭС-терде өндіріліп тұр. Кейбір аймақтарында оның үлесі әлдеқайда басым. Мәселен, Гуандун, Фуцзянь, Ляонин және Хайнань провинцияларында тоқтың 15 пайызы осы әдіспен өндіріледі.
Инь Сиджун, China National Nuclear Corporation Overseas LTD компаниясы Орталық Азия бойынша департаментінің бас директоры:
Атом электр станцияларында зиянды шығындылар жоқтың қасы. Қоршаған ортаға көмірқышқыл газы, күкірт бөлінбейді. Жылу электр станцияларына қарағанда әлдеқайда тиімді әрі қуаты өте жоғары. Заманауи технологияның мүмкіндіктері энергияны қауіпсіз өндіруге мүмкіндік береді. Қазір бүкіл Қытай аумағында кеңінен қолданылып жатыр.
Қытайдың даму және реформалар жөніндегі ұлттық комиссиясы жариялаған жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай АЭС-тердің жалпы қуаты 110 гигаватқа жетеді. Қазірдің өзінде бұл елде жұмыс істеп тұрған және жаңадан салынып жатқан атом энергоблоктарының жалпы саны 112-ге жетті. Кейбір атом электр нысандары қала мен елдімекендердің ішінде орналасқан.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- «Мен ұрлық жасағанда ай жарық» деп ауа райы да бұзылып кетті. Дегенмен егер камера тартса көрсетуге тырысып көрейін. Мен атом электр станциясы тұрған арал мен жағалауды жалғап тұрған ұзындығы 5 мың метр болатын көпірдің үстінде тұрмын. Ал мына менің артымда тұрған Сары теңіз. Ал АЭС атом электр станциясы тура осы Сары теңіздің үстінде орналасқан. Ал оның арғы жағында анау көрінсе таудың етегінде ауыл орналасқан. Яғни халық тұрып жатыр осы жерде.
Бұған дейін АЭС-ке қажетті қондырғылардың басым бөлігін шетелдерден экспорттап келген Қытай бүгінде құрылысқа керекті 90 пайыз құрал-жабдықты өздері шығарады. Енді алдағы 5 жылда атом энергетикасы саласында әлемдегі ең ірі операторға айналуды көздеп отыр. Ел үкіметі бұған стратегиялық мән беріп жүзеге асыруға күш салып жатыр.
Автор: Руслан Бақытбекұлы.