Түркияда жерасты дүмпулері қайталанып жатыр
Мамандар: «Бұл бір апта бұрын болған 7 балдық жер сілкінісінің жалғасы», — дейді. 1-5 балл аралығындағы афтершоктар сезілген. Мына жерде керсетілгендей, дүмпулер Хатай, Адыяман, Малатья және Кахраманмараш провинцияларында сезілген. Ең қуаттысы Кахраманмараш провинциясындағы Гёксун ауданында тіркелді. Магнитудасы — 4,9.
Соңғы ақпаратқа қарағанда, Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 31 мыңнан асты. 158 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Ел билігі зілзаладан зардап шеккен аймақтарда құрылыс жұмыстары осы айда басталатынын мәлімдеді.
Қазақстандық құтқарушылар қазірге дейін Газиантеп пен Нұрдағы қалаларында 7 адамды құтқарып, өкінішке қарай 83 адам денесін үйінді астынан шығарды. Қазір мамандар Газиантептегі кей нысандардағы жұмысты аяқтап, көршілес ғимараттарға көшкен.
Ибрагим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі:
-1-2 күннің ішінде барлық жұмыс аяқталады. Қазақстаннан гуманитарлық көмек келіп жатыр. Гуманитарлық көмекті жеткізуге, киіз үйлерді орнатуға біз дайынбыз. Енді осы жұмыстың нәтижесі — құтқарушыларымыздың кәсібилігінің арқасында. Түріктер ризашылықтарын білдіріп жатыр.
Құтқарушылармен бірге дәрігерлер де тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін уақытша орталықтар құрылған. Күніне ондаған адам көмекке жүгінеді. Олардың дені күйзеліске түскен және тыныс алу органдарының ауруларына шалдыққан. Түрлі дәрежеде жарақат алғандары да аз емес.
Қуат Құдышұлы, дәрігер:
-Дәл қазіргі күнге дейін біз 74 адамға көмек көрсеттік. Біздің құтқарушыларға да көмек керек болды. Құтқарушылардан 10-нан аса адам жеңіл жарақат алды. Жұмыс өте ауыр.
Бір ғана Газиантептің өзінде қаза тапқандар саны 4 мыңға жуықтады. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 15 мың адам үйінді астынан шығарылған. Провинциядағы 1 мыңнан аса ғимаратта құтқару жұмыстары аяқталды. Ел билігінің мәліметінше, ақпанның соңына қарай апат аймақтарында құрылыс жұмыстары басталады.
Мурат Курум, Түркияның Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрі:
-Газиантептегі шатырлардың саны 1626-ға жетті. Тұрғындардың сұранысына сәйкес әрекет етеміз. Контейнер қалаларда тұрғысы келетіндерге контейнер құрамыз. Пәтерде тұрғысы келетіндерден жалға алу ақысын төлеуге өтініш қабылдаймыз. Облыс пен аудандарда 130 мың азаматқа уақытша тұру қызметін көрсетеміз. Жергілікті муниципалитетпен бірге азаматтарымыздың барлық қажетілігін қамтамасыз етеміз.
Апатта зардап шеккен 13 провинцияда 33 мың 143 ғимараттың 153 мыңнан астамын бұзу қажет екені анықталды. Ал Газиантептің Нұрдағы ауданы толығымен жермен жексен болды. Енді қажет нысандар түгелімен қайта салынады. Атап өтері, жер сілкінісінен қираған үйлердің құрылысын жүргізгендер қамауға алынып жатыр. 10 мердігер қамауға алынып, 163 компания басшысы жауапқа тартылды.
Авторы: Меруерт Қанағат